“Құны 1,2 миллиард доллар”. Өтемұратов тағы бір компаниясын сатты

Қаракөз Амантай 15 қаз. 2025 10:28

Белгілі қазақстандық кәсіпкер Болат Өтемұратов өзінің негізгі активтерінің бірі RG Gold компаниясын қытайлық инвесторларға сатқан, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Jai Sandar телеграм арнасындағы мәліметке сүйенсек, келісім құны 1,2 миллиард долларды құрайды. Өтемұратов мырзаның аталған компаниядағы үлесі 65 пайыз болған. Осы мәміле нәтижесінде ол шамамен 700–800 миллион долларды қолма-қол қаражат түрінде алатыны хабарланған.

Айта кетейік, бұған дейін Болат Өтемұратов ATF Bank банкін италиялықтарға 2,2 миллиард долларға сатқан еді.

Еске салайық, қаржыгер Арман Батаев Forte Bank акцияларын бағалау әдістемесіндегі соңғы өзгеріс миноритарлық акционерлерден үлестерді нарықтағыдан әлдеқайда төмен бағамен мәжбүрлі түрде сатып алуға дайындық болуы мүмкін деп болжаған еді. Ол бұл қадам банк секторындағы бірігу тұрғысындағы ірі операциялар аясында қарастырылып жатқанын айтады.

Қаржыгер Арман Батаевтың Telegram-дағы Finmentor арнасында банк акциясының басым бөлігіне ие Болат Өтемұратов бағалау ережелеріндегі соңғы өзгерістерді пайдалана отырып, Forte Bank  акцияларын толықтай бір жерге шоғырландыруға дайындалып жатқанын болжайды. Ал жаңа әдіс бойынша сатып алу бағасы нарықтық бағадан 4 есеге төмендетіліп отыр. Сарапшы осыған баса назар аудартады. Оған қағаздарды баланстық құны бойынша бағалау мүмкіндігі қосылды.

Бұл жаңашылдық бағада айтарлықтай айырмашылығын тудырады:

  • баланстық құны бойынша баға: бір акция үшін 5,11 теңге;
  • соңғы 30 күндегі биржада тіркелген орташа нарықтық баға: бір акция үшін 18-19 теңге.

1 шілдедегі жағдай бойынша Болат Өтемұратов Forte Bank акцияларының 91,1%-ына иелік етеді. Арман Батаев атап өткендей, "Акционерлік қоғамдар туралы" ҚР Заңының 25-1-бабына сәйкес, жария акционердің үлесі 95%-ға жеткенде, ол қалған акцияларды барлық миноритарийлерден мәжбүрлі түрде сатуды талап етуге заңды құқық алады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар