Бүгін бірнеше өңірде ауа сапасы нашарлайды

Қаракөз Амантай 15 қаз. 2025 09:06

"Қазгидромет" РМК 15 қазан күні Ақтау, Алматы және Өскемен қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мамандардың айтуынша, ҚМЖ – бұл зиянды заттардың атмосфераның төменгі қабатында жиналуына ықпал ететін табиғи құбылыс. Мұндай жағдай тыныш ауа райы, әлсіз жел, тұман және инверсия сияқты метеофакторлардың әсерінен қалыптасады.

"Қолайсыз метеожағдай кезінде елді мекендерде ауа сапасы нашарлап, бұл халықтың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін", – деп ескертті "Қазгидромет" өкілдері.

Синоптиктердің түсіндіруінше, атмосфералық ауаның ластану деңгейіне ең алдымен желдің бағыты мен жылдамдығы, жауын-шашын, ауа температурасы мен ылғалдылық сияқты синоптикалық факторлар ықпал етеді.

Экологтар тұрғындарға осындай күндері далада ұзақ уақыт болмауға, ал созылмалы аурулары бар азаматтарға сақтық шараларын күшейтуге кеңес береді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар