Жамбыл облысында 66 келі марихуана тәркіленді. Бұл туралы ІІМ мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Полиция қызметкерлері Батыс Еуропа – Батыс Қытай тасжолының 583-шақырымында Audi 100 көлігін тоқтатқан. Көлікте көрші облыстардың екі тұрғыны – жүргізуші мен жолаушы болған.
Қызметтік ит Баронның көмегімен көлікті тексеру кезінде артқы орындықтан 3 қап, ал жүк салғыштан ерекше иісі бар өсімдік тектес зат салынған 9 қап табылған. Сараптама нәтижесінде бұл жалпы салмағы 66 келі болатын кептірілген марихуана екені анықталды.
"Есірткі құралдарын, психотроп заттарды, олардың аналогтарын аса ірі мөлшерде заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату дерегі бойынша соталды тергеу басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді ІІМ өкілі.