Қылмыстан көз ашпаған Талғар: жаңа прокурор келді

Сағыныш Сардарова 14 қаз. 2025 17:47

Бүгін Талғарда Алматы облысының прокуроры Берік Адамов ведомствоаралық кеңес өткізіп, ауданның жаңа прокуроры Жайнарбек Мыңбаевты таныстырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Берік Адамов жаңа басшының прокуратура органдарында 18 жылдан аса еңбек өтілі бар екенін, соңғы 7 жылда Бас прокуратурада жұмыс істегенін атап өтті.

Берік Адамов Жайнарбек Мыңбаевтың тәжірибелі әрі принципшіл қызметкер екенін айтып, оның тағайындалуы аудан көлемінде заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту ісіне тың серпін беретініне сенім білдірді.

Талғардағы қылмыс деңгейі

Прокуратура мәліметінше, жыл басынан бері Талғар ауданындағы қылмыс деңгейі 17%-ға төмендеген (1661-ден 1369 дейін).

Тек қыркүйекте құқық қорғау органдары 2,5 мыңнан аса әкімшілік құқықбұзушылықты анықтап, 25 қылмысты ашып, екі іздеуде жүрген қылмыскерді ұстаған.

Десе де бұған дейінгі Талғардағы жантүршігерлік оқиғалар ел есінде:

  • Былтыр Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды. Биыл осы іс бойынша сот шешімі шықты. Тергеу мәліметінше, Шерзатқа пышақ жарақатын салған басты айыпталушы Абзал Шынасыл 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Равиль Сакиев 20 жылға сотталды. Қалған айыпталушылар 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Кәмелетке толмаған Ы.Д. 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
  • Биыл 6 қыркүйекте Талғарда ер адам бұрынғы азаматтық жұбайының бауырын атып өлтіріп, оның екі жасар қызын ұрлап кеткен болатын. Кейін полиция күдіктіні ұстап, баланы анасымен қауыштырды. 
 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар