Қазақстанда қолжетімді бағамен сатылатын дәрі-дәрмектердің түр-түрі азайып барады. Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының дерегінше, соңғы екі жылда елімізде тіркелген препараттардың төрттен бірі нарықтан жоғалып, ал арзан дәрілердің үлесі үштен біріне қысқарған. Денсаулық сақтау министрлігі бұл үрдісті тоқтату үшін арнайы шаралар әзірлеуде, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Zakon.kz мәліметінше, қауымдастық президенті Марина Дурманова медициналық туризмге арналған форумда саладағы жағдайға талдау ұсынған. Оның айтуынша, дәріханалардағы препараттардың нақты саны 25,5%-ға төмендеген – 2023 жылы 7 932 болса, қазір 5 907-сі ғана қалған.
"Бағасы 1 000 теңгеге дейінгі дәрілердің саны 34,5%-ға қысқарды. Бұл кейбір арзан дәрілердің мүлде нарықтан кеткенін білдіреді. Олардың орнын қазір қымбат дженериктер басты. Арасында 1 500 теңгеге дейін бағаланатын және тұрақты сұранысқа ие болған 300-ден астам дәрі бар еді. Демек, олардың жоғалуы сұраныс аз болғандықтан емес, ол басқа себептерге байланысты", – деді Дурманова.
Оның айтуынша, бұл тенденция биыл да сақталып отыр: құны 1 000 теңгеге дейінгі препараттар азайып, олардың орнына қымбат дәрілер пайда болған.
Арзан дәрілердің нарықтан азаюын тоқтату үшін Денсаулық сақтау министрлігі 2026 жылғы 10 қаңтардан бастап құны 1 АЕК-тен (3 932 теңге) төмен дәрілердің бағасын реттеуден босатуды жоспарлап отыр.
"Бұл қадамның мақсаты – қолжетімді, бірақ әлеуметтік маңызы бар препараттардың нарықта сақталуын қамтамасыз ету", – деп түсіндірді Марина Дурманова.