Ақтау маңында орын алған ұшақ апаты халықаралық сипаттағы трагедияға айналып, әлемдік БАҚ беттерінде кеңінен талқыланып жатыр. Қазақстандық сарапшылар да қайғылы оқиғаға қатысты түрлі пікір білдіріп, үн қосуда. Солардың қатарында саясаттанушы Әміржан Қосан да бар. Ол апатқа ұшыраған ұшақтың “қара жәшігін” Бразилияға беру туралы шешімге күмәнмен қарайтынын жеткізді. Айтуынша, Бразилия — Ресейдің саяси одақтасы. Бұл жайында ол Dalanews.kz агенттігіне баяндады.
“Ақтау маңында орын алған ұшақ апаты бір емес, төрт елге қатысы бар халықаралық сипаттағы резонансты оқиға болып отыр. Ұшақ тиесілі әуе компаниясы мен жолаушылардың дені – Әзірбайжаннан, рейс ресейлік Грозныйға бағыт алған, жолаушылардың біразы – Ресейден, қалғаны – Қазақстан мен Қырғызстаннан, ең бастысы – апат орын алған жер – Қазақстан. Тас түскен жеріне ауыр, біздің елге де аса зор жауапкершілік артылып отыр. Билік соны ұғынуы керек”, — дейді ол.
Осы тұста ол істің ақ-қарасын білмей жатып, ресейлік тараптың позициясын қорғауға ұмтылған кей шенділердің әрекетін де сынға алды.
“Өз басым, біздің кейбір шенділердің мәселенің байыбына бармай, лезде ресей жағының адвокатының ролін ойнағаны ұнамады. Бұл да біздің билікте жүрген кейбір басшылардың қанына сіңіп, бойы мен ойынан кете қоймаған проресейлік рефлекс деп білуіміз керек!”, — дейді ол.
Саясаттанушы ұшақ апатынан зардап шеккендерге жедел көмек көрсеткен Ақтау өңірінің тұрғындары мен қызметкерлерінің іс-әрекетін жоғары бағалады.
“Дүниежүзілік БАҚ төрінен орын алған оқиғада Маңғыстаудағы ағайынның, оқиға маңында болып, зардап шеккендерге дереу көмек көрсеткен электриктердің, өңірдің Төтенше жағдай қызметкерлеріне, өрт сөндірушілеріне, дәрігерлеріне ризашылығымды білдіргім келеді: сын сағатта олар еліміздің абыройын аспандатып жіберді. Бұрын бізді біле бермейтін басқа жұрт: “қазақтар деген қиналғандарға қол ұшын беруге дайын, қайырымды, Қазақстанның мемлекеттік органдары іскер әрі ұйымшыл, өзге елдің ұшағы құлағанда лайық көмек бере алатын ел екен” деген ойға келгені сөзсіз”, — деп қосты ол.
Оның сөзінше, халықаралық деңгейде бұл оқиғаға қатысты пікірлер сан түрлі, оның ішінде авиатехникадан бейхабар адамдар да жарыса жазба жариялауда.
“Осы күндері әлемдік БАҚ-та басты тақырыпқа айналған оқиғаның себептерін сан-саққа жүгіртіп жатқаны анық көрінді.
Авиациядан ауылы алыс мақұрымдар да хайп ұстап жатқаны рас, беделді мамандар мен сарапшылар да пікір айтып жатыр.
Міне, ендігі жерде ұшақ апатының себебін анықтауда саясат араласып кетуі әбден мүмкін. Өйткені әр ел өзін ақтап, кінәні басқаға артуы ықтимал. Және де бұл геосаясат араласқан алғашқы әуе апаты емес. Бұрын да сондай жағдайлар орын алған. Ресейлік ДХР аспанында жарылған Малайзияның "Боингы" мен ресейлік Смоленск маңында апатқа ұшыраған, ішінде Польша президенті Качинский мен үкімет делегациясы бар “ТУ-154М” ше?
Осындайда ақиқатты анықтау үшін ұшақтағы “қара жәшіктен” алынар ақпараттың ролі зор”, — дейді ол.
Саясаттанушы постсоветтік кеңістікте ұшақ апаттарының тергеуі көбіне Мәскеуге жіберілетінін де алға тартты.
“Менің білуімше, постсоветтік кеңістікте апатқа ұшыраған ұшақтардың “қара жәшіктері” Мәскеуде орналасқан Халықаралық авиациялық комитетке жіберіледі. Мәселен, 2019 жылы желтоқсанда Алматы маңында апатқа ұшыраған “Bek Air” әуе компаниясының “Fokker” 100 ұшағының “қара жәшігі” дәл осы Мәскеуге жіберілген. Яғни, құпияның кілті сол жақта болмақ. “Неге “қара жәшіктер” ұшақ тиесілі елде ашылып, зерттелмейді”, - деп сол күңіреулі күндері әлеуметтік желілерде сұрақ қойғанмын.
Сол себепті “қара жәшік” анау-мынау емес, мұхиттың ар жағындағы Бразилияға жіберілуін құп көремін”, — дейді Әміржан Қосан.
Алайда ол бұл шешімге күмәнмен қарайтынын да жасырмады. “Себебі Бразилия Ресейдің саяси одақтасы болып келеді” дейді саясаттанушы.
“Аузы күйген үріп ішеді демекші, көңілде бір күдік те жоқ емес. Өйткені, бүгінгі Бразилия – Ресейдің БРИКС секілді ұйымдағы қандыкөйлек досы. Әрдайым Ресейдің саяси бастамаларын қолдап жүреді.
Көп нәрсе тірі қалған ұшқыштар мен жолаушылардың сөздеріне де байланысты, әрине...
Күні кеше естідік: ешкімнен де кешірім сұрамайтын Путин әзірбайжандық ұшақты апатқа ұшыратқаны үшін Әзірбайжан президенті Әлиевтен кешірім сұрапты.
Әзірбайжан ұшағы қазақ жеріне құлады, апатта қазақстандықтар қаза тапты.
Қисынға салсақ, Путин Қазақстан президенті Тоқаевтан да кешірім сұрауы керек емес пе?
Әзірше осы!”, — деп түйіндеді ол.
Еске салайық, 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл — Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы.
Ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған. Жолаушылар рейсі қатты тұманға байланысты Грозныйға қона алмаған, алдымен Махачкалаға, содан кейін Ақтауға бағытталған.
Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды. Жалпы қаза тапқандар саны — 38. 29 адам аман қалды.