Апатқа ұшыраған әзербайжандық ұшаққа жауаптылар тергеуде жауап бере бастады

Көркем Алдабергенова 30 жел. 2024 11:45 5222

Әзербайжанға тиесілі әуе компаниясының ұшағының апатқа ұшырауына қатысты тағы бірнеше адам тергеуден өте бастады, - деп хабарлайды Dalanews.kz

ВЧК-ОГПУ телеграм арнасының мәліметінше, AZAL әуе компаниясының ұшағы апатына қатысты тергеу барысында кеше кешкісін диспетчер Али Идрисовпен қатар Грозный әуежайындағы ұшу қызметінің жетекшісі Джамлайл Баканаев та жауап берді.

Айта кетейік, ұшу қызметінің жетекшісі ұшу-қону жолағының, радиотехникалық және байланыс құралдарының жағдайын жеке тексеріп, әуежайдың ұшақтарды қабылдауға және ұшыруға дайындығы туралы қорытынды жасайды.

ВЧК-ОГПУ мәліметінше, Джамлайл Баканаев барлық жүйелердің дұрыс жұмыс істеп тұрғанын және оларды өз міндеттері аясында тексергенін айтқан. Оның сөзінше, сол кезде «Баку-Грозный» рейсінің қонуына ешқандай кедергі болмаған.

Ол мұндай кедергілерді алдын ала болжай да алмағанын айтты. Айта кетейік, ұшақ әуежайға жақындағанда GPS датчиктерінің сигналы жоғалып, байланыс үзілген, ал ұшқыштардың әуе кемесін дерлік соқыр күйде басқаруға мәжбүр болды.

ВЧК-ОГПУ бұған дейін хабарлағандай, «Ковер» жоспарының енгізілгені туралы ақпарат ұшу қызметінің жетекшісіне тым кеш жеткен. Бұл деректі Джамлайл Баканаев та растады.

Бұған дейін трагедия кезінде ұшақты басқарған диспетчер Али Идрисов болған, ол Рамзан Қадыровтың сүйікті клубы "Терек" (қазіргі "Ахмат") командасының бұрынғы ойыншысы екенін хабарлаған едік. 29 желтоқсанда кешкі уақытта оны тергеу амалдары жүргізілген. 

Идрисов әуе қорғанысы жүйесінің жұмыс істеп тұрғанын білмегенін, ал "Ковер" режимі туралы ақпаратты оқиғадан бес минут өткен соң ғана алғанын мәлімдеді.

"29 желтоқсанда кеш бойы Ресейдің Тергеу комитетінің тергеушілері Грозныйдағы әуе қозғалысын ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік корпорацияның жергілікті филиалының қызметкерлерін тергеді. Әуе оқиғасына қатысты куәгер ретінде жауап берген диспетчер Али Идрисов "Баку-Грозный" рейсін қондыруды ұйымдастырған.

Қызық дерек: Али Идрисов диспетчер болмас бұрын кәсіби футболшы болған және Грозныйдың "Терек" (қазіргі "Ахмат") командасында ойнаған. 2016 жылы футбол мансабын аяқтаған соң, ол Құрылысшылардың өңіраралық бірлестігіне заңгер болып жұмысқа орналасқан. Бірнеше жыл өткен соң, 33 жастағы Али Идрисов диспетчер қызметіне кірісті", - делінген телеграмдағы жазбада. 

ВЧК-ОГПУ мәліметінше, Идрисов бұл оқиғаны экипаждың хабарламасына сүйене отырып, соңына дейін құстармен соқтығысу салдарынан болған деп ойлаған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар