Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтауда құлаған ұшақ "жерден атылған оқтың салдарынан" зақымданғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Баку Мәскеуден кінәлілерді жазалауды және өтемақы төлеуді талап етеді. Бұл туралы ол Әзербайжан телеарнасына берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Президенттің сөзіне қарағанда, апаттың соңғы нұсқасы қара жәшіктер ашылғаннан кейін белгілі болады. Бірақ ұшақтың «Ресей аумағында сырттан зақымдалғаны» анық факт. Тек ұшқыштардың шеберлігінің арқасында ұшақтың фюзеляжының бір бөлігі өртенбей қалған, бұл «ұшақтың Ресей тарапынан атып түсірілгенін» көрсетеді, деді Әлиев.
Ол ұшақтың «қасақана емес, байқаусызда» атылғанын атап өтті.
«Біздің ашуымызға тиген әрі таңғалдырған жайттардың бірі – ресейлік ресми құрылымдардың қандай да бір газ баллонының жарылысы туралы нұсқаларды ұсынуы болды. Бұл Ресей тарапының істі жабуға тырысып жатқанын ашық көрсетті және, әрине, бұл ешкімге абырой әкелмейді», – деп келтіреді Әзербайжан көшбасшысының сөзін АЗЕРТАДЖ.
27 желтоқсанда Әзербайжан Ресейге бірнеше талап қойған болатын:
•кешірім сұрап, кінәні мойындау;
•барлық кінәлілерді жазалау;
•Әзербайжан мемлекетіне, зардап шеккен жолаушылар мен экипаж мүшелеріне өтемақы төлеу.
«Бұл талаптардың барлығы әділ. Мұнда ерекше немесе орынсыз талаптар жоқ, бұл халықаралық тәжірибеге және қалыпты адами қағидаларға негізделген», – деп түсіндірді Әлиев.