Астанада рекордты көлемде мектептер салынды. Оқу жылының басында 18 мектеп салынып, ашылды. Олардың бір бөлігі – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында. Бұл туралы ОКҚ брифингінде Астана әкімі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
– Қала тұрғындарының өсуін ескере отырып, әлеуметтік нысандарға қажеттілік артып келеді. Өздеріңіз білетіндей, біз әлеуметтік нысандардың құрылыс көлемін едәуір арттырдық. Мәселен, жаңа оқу жылында 18 мектеп салынды. Олардың 11-і Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерді, – деді елорда әкімі Жеңіс Қасымбек.
Оқу орындары қаланың барлық ауданында, соның ішінде тұрғын алаптарда да салынып жатыр. Мысалы, желтоқсан айында Үркер тұрғын алабында жаңа үлгідегі мектеп ашылды. Оқу орны екі ауысымда 4 мың оқушы орнына есептелген. Қазіргі уақытта №69 мектеп-лицейінде балалар үш ауысымда оқиды. Осылайша, жаңа мектеп толып кету мәселесін шешеді. Балалар жаңа мектепте үшінші тоқсаннан бастап оқиды.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдар аралығында жаңа форматта 24 мектеп салынады. Бұл оқу орындары екі ауысымда 90 мыңға жуық оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді.
Астанада осы жылдың соңына дейін тағы бірнеше мектеп ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, алдағы жылдарға да дайындық жүріп жатыр. Мысалы, 2025 жылы тағы 20-дан астам мектеп салынып, пайдалануға беру жоспарланып отыр.