Әлеуметтік желіде Алматы мен Талдықорған арасындағы жерасты жарықтары бойында дегазация күшейіп, Ыстықкөл үстінде ерекше бұлттар пайда болғаны туралы ақпарат тарады. Жазба авторы мұны жақын арада болуы мүмкін жер дүмпуінің белгісі ретінде атап көрсетеді. Алайда Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің PhD докторы, Ионосфера институтының жетекші ғылыми қызметкері Марат Нұртас бұл мәлімдемені жоққа шығарып, дүрлігуге негіз жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жазбада не айтылған?
Светлана Дружинина есімді желі қолданушысы өз жазбасында жер сілкінісіне қатысты болжамын ортаға салған.
“Бүгінгі лентаны парақтау бір ғанибет — ешкімді ешнәрсе алаңдатпайды. Бірақ соның арасында бір маза бермей жүрген ойды айтқым келеді”, – дейді ол.
Желі қолданушысы кез келген жер сілкінісінің алдында жер астынан газ бөліну (дегазация) жүретінін, бұл құбылыс сейсмотектоникалық бұлттар арқылы байқалатынын айтады. Мұндай бұлттар көп жағдайда жақын арада болатын жер сілкінісінің белгісі болуы мүмкін. Автордың пайымдауынша, бұлттардың аумағы неғұрлым кең болса, зілзаланың қуаты да соғұрлым жоғары болады. Ал бұлттар пайда болғаннан бастап жер сілкінісі орын алғанға дейін бірнеше сағаттан 10 күнге дейінгі уақыт өтуі мүмкін.
“Қазіргі таңда Кемин және Алматы маңындағы жерасты жарықтары бойында дегазация күшейіп келеді. Бұл құбылыс Талдықорғанға дейін байқалуда”, – деп жазады Дружинина.
Сондай-ақ ол Ыстықкөлдің үстінде “герольд” деп аталатын ерекше пішіндегі бұлттардың пайда болғанын атап өткен. Бұл да автордың пікірінше, жер сілкінісінің жақындауының белгісі болуы ықтимал.
Жазба әлеуметтік желі қолданушылары арасында түрлі пікір тудырды. Бірі оны ғылыми болжам деп қабылдаса, енді бірі жай ғана үрей туғызатын ақпарат ретінде сынға алды.
Қарашадағы жер сілкінісін дәл болжаған маман аталаған ақпаратқа қатысты түсініктеме берді
Ионосфера институтының жетекші ғылыми қызметкері Марат Нұртастың айтуынша, қазіргі уақытта Алматы маңында ешқандай ерекше құбылыс байқалмайды.
“Әлеуметтік желідегі деректер Шығыс Қазақстан, Семей немесе Өскемен өңіріне қатысты болуы мүмкін. Бірақ ондағы дабыл да аса күшті жер сілкінісін көрсетіп тұрған жоқ”, – деді ол.
Ғалымның бұл пікіріне сүйенсек, әлеуметтік желіде тараған ақпараттың ғылыми негізі нақты дәлелденбеген. Дегенмен мамандар әрдайым ресми көздер мен сейсмологиялық орталықтардың ескертуіне құлақ асуға кеңес береді.
Айта кетейік, 5 қарашада Алматыда 3 балдық жерасты дүмпуі тіркелді. Бұл жағдай тұрғындардың үрейін алып, төтенше жағдайға дайындық мәселесін қайта еске салды. Осыған байланысты Марат Нұртас жер сілкінісі қаупін бағалап, алдағы уақытта болуы мүмкін сейсмикалық белсенділікті болжау үшін арнайы зерттеу жүргізгенін мәлімдеген еді.
Наурыз айында Dalanews.kz агенттігі Марат Нұртастың табиғи құбылысқа байланысты пікірін сұраған болатын. Қоғамда кеңінен талқыға түскен бұл сұқбатта зерттеуші халықты көктем және күз айларында ерекше сақ болуға шақырған еді.