СҚО-да сублимацияланған бие сүтін өндіретін зауыт іске қосылды

Dalanews 05 жел. 2025 11:18

Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында сублимацияланған құрғақ бие сүтін өндіретін жаңа кәсіпорын жұмысын бастады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жоба «Sever Agro LTD» ЖШС-мен агроөнеркәсіптік кешенді несиелеу бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау арқылы жүзеге асырылды. Инвестиция көлемі 3 млрд теңгеден асты.

Кәсіпорын компанияның өз фермасы базасында салынған. Өндірістік кешен құрамына бие ұстауға және саууға арналған алаңдар, 20 мың гектардан асатын жайылымдық жерлер, сондай-ақ сублимациялық кептіру желілерімен жабдықталған цех кіреді. Кәсіпорында 30 жаңа жұмыс орны ашылды.


Өндіріс технологиясы неміс шаруасы әрі кәсіпкері Ганс Цольман әзірлеген терең сублимация әдісіне негізделген. Оның шаруашылығы 1970 жылдардан бері жылқы өсірумен айналысады, ал 1990 жылы бие сүтін осы әдіспен өңдеген алғашқы өнеркәсіптік тәжірибе жүргізілген. Мюльбен қаласындағы Цольман фермасы Германиядағы қымыз өндіруге маманданған ең ірі және ең көне кәсіпорындардың бірі болып саналады. Сарапшы жабдықты орнату, іске қосу және қазақстандық мамандарды оқыту жұмыстарын өзі бақылаған.

Саумалды –55 °C температурада мұздатып, кейін ылғалды сұйық күйге өтпестен бөлу процесі өнімнің табиғи құрамын — альбуминді ақуыздар, иммуноглобулиндер, дәрумендер, ферменттер мен полиқанықпаған май қышқылдарын — барынша сақтауға мүмкіндік береді. Осы әдіс арқылы өнімнің сақтау мерзімі екі жылға дейін ұзартылады.

Зауыттың жылдық өндірістік қуаты 40 тоннаға дейін жетеді. Саумал бірнеше форматта шығарылады: ұнтақ, жеке салынған саше және капсула түрінде — сақтау мен пайдалануға қолайлы нұсқалар.

«Sever Agro LTD» директоры Ербулат Каленов жаңа кәсіпорын өңірдегі ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу әлеуетін кеңейтетінін атап өтті.

«Сублимацияланған бие сүті — мамандандырылған тамақтану саласынан бастап, азық-түлік өндірісінің жекелеген бағыттарына дейін кең қолданылатын өнім. Біз ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, Қытай мен Еуропа елдеріне экспортты да жоспарлап отырмыз. Зауыттың іске қосылуы өңделген өнім түрлерін көбейтіп, өңірдің агроөнеркәсіптік сектордағы мүмкіндіктерін нығайтады», — деді ол.

Айта кетейік, 2023 жылы қыркүйек айында Қостанай облысында жылына 40 тоннаға дейін өнім өндіретін «Local Food» брендімен бие сүтін кептіру фермасы іске қосылған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар