Алматылық жүргізушілерге 653 млн теңге айыппұл салынған

Көркем Алдабергенова 05 жел. 2025 11:30

Алматыда автокөліктердің шығарындылары экологиялық талаптарға сай келе ме деген тексеріс жүргізілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, мегаполистегі зиянды шығарындылардың 60 пайызына дейін автокөліктерден тарайды. Ауаны қорғау жоспары аясында экологтар жол-патрульдік полициямен бірлесіп рейдтер өткізіп жатыр.

«Eco Almaty» ЖШС-нің жылжымалы зертханалары көліктің шығарындыларын сол жерде-ақ өлшейді. 2025 жылы Eco Almaty және «Ренессанс плюс» компаниясының мамандары 186 мыңнан аса өлшеу жүргізіп, 20 мыңға жуық хаттама толтырған. Айыппұлдардың жалпы сомасы 653 млн теңгеден асқан», - деп хабарлады әкімдік.

Сонымен қатар, көмір сияқты қатты отын пайдаланатын шашлықханалар мен моншалар да тексеріліп жатыр. 

Әкімдік Алматыда «Қала аумағында атмосфералық ауаны қорғау саласында арнайы экологиялық талаптарды енгізу туралы» жаңа ережелер жобасы әзірленгенін еске салды. Құжат тұрғындар мен бизнеске экологияға зияны төмен технологияларға көшуге және көлік паркін жаңартуға құқықтық негіз қалыптастырады.

Ереже қабылданғаннан кейін кешенді нәтижелер күтіледі.

«Басты ластаушы көлік паркі нақты экологиялық бақылауға алынады. Бұған бұған дейін іс жүзінде реттелмеген III санаттағы кәсіпорындар да кіреді - олар экологиялық талаптарды сақтау және тексеруден өтуге міндетті болады», - деді әкімдік.

Сондай-ақ қалада ауаның жай-күйін бақылайтын бірыңғай мониторинг жүйесі құрылады. Бұл жүйе жағдайды жедел басқаруға мүмкіндік беріп, мәліметтерді тұрғындар үшін ашық етеді. Бұдан бөлек, қалада LEZ-аймақтар пайда болады - мұнда көлік қозғалысына қатысты экологиялық талаптар қатаңдатылып, шығарындылардың азаюына және қала экологиясының жақсаруына ықпал етеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар