Орталық Азиядағы күштер тепе-теңдігі: Тоқаевтың рөлі және Еуропаның стратегиялық мүддесі

Ақтоты Жапатова 05 жел. 2025 13:03

Еуропалық Кеңес төрағасы Антониу Кошта Астанаға сапарымен Еуропа мен Орталық Азия арасындағы жаңа геосаяси диалогтың ашық символына айналды. Франциядағы Еуропа перспективасы және қауіпсіздігі институтының директоры Эммануэль Дюпьи бұл сапардың аймақ үшін стратегиялық маңызын, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлік интеграция мен Еуропамен байланыстарды жаңғыртудағы рөлін, сондай-ақ энергия, көлік және визалық ынтымақтастық салаларындағы перспективаларды талдайды, деп хабарлайды Dalanews.kz

- Еуропалық Кеңес төрағасы Антониу Коштаның Астанаға сапарының Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия үшін саяси маңызын қалай бағалайсыз? Неліктен дәл қазір ЕО Қазақстанға қатысты дипломатиялық белсенділігін арттырып отыр деп ойлайсыз?

- Еуропалық одақ пен Орталық Азия елдері, соның ішінде Қазақстан, биылғы сәуірде Самарқандта өткен соңғы саммит барысында диалогты дамытуға дайын екенін растады. Бұған президент Коштаның сапары, сондай-ақ мамыр айында өткен Астана форумы да ықпал етті.

Бүгінде ЕО-да Орталық Азияда, әсіресе Қазақстанда саяси және экономикалық диалог үшін сенімді серіктестер табу идеясы күшейіп келеді. Бұл — аймақаралық ынтымақтастықтың дамуына, сондай-ақ Қытайдан Батыс Еуропаға және кері бағытқа баратын трансқұрлықтық еуразиялық дәліздердің маңыздылығына байланысты.

Үндістанды Иран және Ресеймен байланыстыратын Солтүстік–Оңтүстік халықаралық көлік дәлізі және Таяу Шығыс халықаралық дәлізі де осы жүйеге кіреді. Мұның бәрі — ортасында Қазақстан тұрған кең ауқымды аймақаралық байланыстың бірыңғай архитектурасы.

Қазақстан бұл геоэкономикалық тізбектердің барлығында орталық, негізгі рөл атқарады: мұнай ағындары, энергетикалық жеткізілімдер, Орталық Азияны Оңтүстік Азия елдерімен — Пәкістан, Ауғанстан, Иран және Үндістанмен — байланыстыратын электр желілері. Сондықтан Қазақстанның Азия мемлекеттерін өзара, сондай-ақ Азия мен Еуропаны байланыстыратын интеграторға айналуы — заңды әрі қисынды құбылыс.

- Қазақстан мен жалпы Орталық Азияның Еуропалық одақпен қазіргі модельдегі қатынастарын қалыптастыруда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың рөлін қалай бағалайсыз?

- Аймақ динамикалық және интеграцияланған болу үшін ол монополиялық, біржақты немесе тек екіжақты форматпен шектелмеуі тиіс. Ол көпөлшемді болуы керек. Сондықтан Орталық Азияда өз күші, өз орталығы болуы маңызды — дәл сол сияқты Еуропа да әлемдік дербес күш ретінде танылуы үшін көшбасшыларға мұқтаж.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев — осындай көшбасшылықты көрсетіп, интеграция идеясына баяу немесе күмәнмен қарайтын өзге мемлекеттерді тарта алатын тұлға. Мұндай модельдер бұрын да болған — мысалы, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы АСЕАН. Орталық Азияға да осындай ынтымақтастық архитектурасы қажет.

Түркі мемлекеттері ұйымының соңғы кездесулері, сондай-ақ Ресей, Қытай және Орталық Азия елдері басшыларының Бішкектегі ҰҚШҰ саммитіне қатысуы аймақтың тек Әзербайжан есебінен емес, бәлкім Армения есебінен де кеңеюі мүмкін деген идеяны көрсетеді.

Ресей, түптеп келгенде, Орталық Азияны өз ықпалын сақтай алатын буферлік аймақ ретінде қарастыруды қалайды

Ал Түркия өз мүддесін — діни және тілдік ортақтыққа негізделген шартты «Түркістан» идеясын — ілгерілетіп отыр. Бұл Орталық Азияға дейін, тіпті Моңғолия мен Қытайдың батыс аймақтарына дейін созылатын кеңістікті көздейді.

Осылайша, біз үштағанды көреміз: Түркия — Ресей — Қытай, ал Орталық Азия — осы конфигурацияның дәл ортасында, географиялық және стратегиялық жағынан да.

Еуропалық кеңес пен Еурокомиссия үшін стратегиялық мүдде айқын. Брюссель 12 миллиард еуроны «Global Gateway» бастамасы аясында мобилизациялады. Бұл сома — жалпы 300 миллиард еуролық пакеттен бөлінетін бөлік. Бұл қаражат энергетикалық және көлік дәліздерін дамытуға бағытталады — Азиядағы өндіріс елдерінен Батысқа дейінгі жеткізілімдерді жеделдету үшін.

Сонымен қатар, бұл жобалар теңіз жолдарына тәуелділікті төмендетуге және құрлықтағы дәліздердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді: Пәкістан мен Қытай, Үндістан мен Парсы шығанағы елдері, Ауғанстан мен Орталық Азия, Иран мен Ресей арасындағы бағыттар бойынша.

- Коштаның сапары Украина бойынша жаңа бейбіт келіссөздер аясында өтіп жатыр. Сіздің ойыңызша, Президент Тоқаев Қазақстанның «бейбіт платформа» ретіндегі рөлін күшейтуді көздей ме? Бұл ел және аймақ мүдделеріне қаншалықты сай келеді?

- Ең алдымен, бүгінде Украина мен Ресей арасында нақты бейбіт процесс үшін қолайлы жағдай жоқ. Украинадағы бейбітшілікке шынайы перспектива байқалмайды: Ресей ұсынған да, АҚШ қолдайтын да ұсыныстар  - екі тарап үшін де, әсіресе Украина үшін  - қолайсыз.

Сондықтан бейбіт алаң да жоқ. Бұл жерде Қазақстан ешқандай рөл атқара алмайды, өйткені делдалдық жасайтын кеңістік жоқ  - дәл сол сияқты Түркия да делдал немесе гарант болуға дайын болғанымен, бүгінде мұндай мүмкіндік жоқ. Мұның бәрі тек гипотетикалық сценарий: Ресей ымыраға келуге дайын болса ғана (ол әзірге дайын емес) және АҚШ Украинаға қолдауын әлсіретсе ғана (ол мұндай қадам жасамай отыр).

- Тоқаев пен Кошта арасындағы келіссөздерде қандай бағыттар негізгі деп ойлайсыз?

Маңызды бағыттардың бірі — визалық режимді қайта қарау жөніндегі келіссөздер. Бұл диалог 10 жылдан бері жалғасып келеді — Қазақстан мен ЕО арасындағы экономикалық, саяси және әлеуметтік келісім жасалған кезден бері. Ол кезде Орталық Азия өзінің рөлін әлі анықтап жатқан, ал ЕО аймаққа жеткілікті назар аудармаған болатын. Бұл — бірінші маңызды мәселе.

Екінші мәселе — ынтымақтастық тетіктерін нақты іске қосу: мақсаттарды, басымдықтарды және «Global Gateway» бастамасы Орталық Азияға бөлмекші болып отырған 10–12 миллиард еуроны қолдана отырып, іске асатын нақты жобаларды айқындау.

Үшінші бағыт — аймақаралық және желілік өзара байланысты нығайтатын жобалар: мұнай және газ жүйелері, теміржол бағыттары, автожолдар, теңіз маршруттары — өңірлерді байланыстыратын барлық инфрақұрылым.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар