Kazakh Tourism Development басшысы Ержан Еркінбаев BES.media басылымына берген эксклюзивті сұхбатында Алматы тауларындағы туризм туралы жобаның неге қайта күн тәртібіне шыққанын, бұрынғы қателіктерді қалай болдырмау жоспарланып отырғанын, жер, ағаш, жол және инвесторлар мәселесі қалай шешілетінін айтып берді. Көкжайлауда тау шаңғысы курортын салу жобасы он жылдан кейін Almaty SuperSki деген атаумен қайтадан күн тәртібіне шығып отырғанын еске сала кетейік. Dalanews осы сұхбаттың ықшамдалған нұсқасын назарларыңызға ұсынады.
– Көкжайлауда тау шаңғысы курортын салу жобасы алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. Бұған дейінгі жоба тоқтатылған еді. Бұл идеяға қайта оралуға не себеп болды және Almaty SuperSki жобасы қай жылы дайындала бастады?
– Иә, алғашқы жоба 10 жыл бұрын болған. Барлық параметрлер бойынша — экологиялық, климаттық, географиялық тұрғыдан алғанда, Алматы «Көкжайлау» тау курортын дамытуға өте қолайлы жер. Кейін бұл идея тоқтатылды. Оған былтыр Kazakh Tourism Development компаниясы құрылған кезде қайта оралдық. Компания «Бәйтерек» холдингінің құрылымында құрылды, ал оның жобасы — Almaty SuperSki-ді дамыту. Директорлар кеңесінің алғашқы отырысы 2025 жылы өтті. Мамыр айында Алматыда өткен көшпелі кеңесте бастама көтерілді, ал кейін, күзде, алғашқы директорлар кеңесі өтіп, онда жоба бекітілді.
– Неліктен әуел баста Алматы тау кластерін дамыту аясындағы жобалар бөлек бөлінді? Көкжайлауды жеке жоба ретінде шығаруға не түрткі болды?
– Алматы тау кластерін дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу — 2024 жылғы тапсырма. Ол кезде Almaty SuperSki жобасы күн тәртібінде тұрған жоқ. Сондықтан кешенді жоспар Almaty SuperSki-сіз әзірленіп, бекітілді. Қоғамдық тыңдаулар заңнама талаптарына сәйкес бөлек өткізіледі.
Географиялық және әкімшілік тұрғыдан бұл жобалар әртүрлі юрисдикцияларда орналасқан. Сондықтан Almaty SuperSki бойынша біздің тыңдаулар Медеу ауданында өтеді. Ал Алматы тау кластерін қала әкімдігінің квазимемлекеттік құрылымы жүзеге асырады, ол екі аумақта — облыс аумағында және қаланың кейбір аудандарында орналасқан. Сол себепті бұл — талқылауға арналған екі бөлек мәселе. Тіпті екі емес, үш мәселе дер едім. Өйткені Көкжайлауға дейін автомобиль жолын салу — талқылаудың үшінші бөлек тақырыбы. Мұның бәрін бір жерге үйіп-төгу қоғамға қатысты дұрыс та, әділетті де болмас еді. Үш түрлі мәселенің әрқайсысы халықтың қатысуымен егжей-тегжейлі талқылауды қажет етеді.
Мен ол кезде туризм және спорт вице-министрі ретінде «Алматы тау кластерін дамытудың кешенді жоспары» бағдарламасын әзірлеуге қатыстым. Сол кезде біз оның қалай дамитынын талқылағанбыз. Бағдарлама бірнеше бөлімнен тұрды және бұл Алматы қаласының әкімдігі іске асыратын нақты жоспар болатын. Көкжайлаудағы жобаның маңыздылығына байланысты компанияның директорлар кеңесін Премьер-министрдің өзі басқарады. Барлық мәселе тікелей сонымен талқыланады. Бұл жобаны іске асырудың маңызы, барлық нормалардың ғана емес, қоғам мен ғылым пікірінің де сақталуы өте жоғары деңгейде бақылауда екенін көрсетеді.

– Бұрынғы жоба бойынша «Геодата Плюс» ЖШС-мен сот дауы болған кезде құжаттарды, мердігерлер мен қосалқы мердігерлерді жасыруға қатысты шағымдар айтылды. Кейін SuperSki жобасы плагиат деген ақпарат шықты. Бұл рас па?
– Бәрі ашық қолжетімді жерде тұр. Біз жоба аясында талқылануы тиіс материалдарды жарияладық. Иә, бұл — 10 жыл бұрынғы жобалық шешімдер. Жоба іс жүзінде өзгерген жоқ. Шамамен сол күйінде қалды. Ол жоба сараптамадан өтті, барлық қорытындыны алды. «Геодата Плюс» ЖШС жобаны әзірлеуші болды, ал тапсырыс беруші әкімдік еді. Әкімдік бұл жұмыс үшін ақы төледі. Көкжайлау жобасын дамытуға қайта оралу туралы шешім қабылданған кезде, әкімдік осы жобалық шешімдерді бізге берді. Біз оларды пайдалануға толық құқылымыз, өйткені әкімдік бұл жұмыс үшін есеп айырысқан және оған толық құқық иесі.
– Ал мердігерлер мен қосалқы мердігерлер мәселесі қалай болады?
– Мердігерлер міндетті түрде нормативтік тәртіппен белгіленген конкурс арқылы анықталады. Біз бүкіл жобаны бір қолға бермейміз, оны пакеттерге бөлеміз. Аспалы жолдарды кез келген құрылысшыға беру дұрыс емес. Сондықтан біз оны бөлек пакет ретінде шығарып, аспалы жол өндірушілерінің арасында конкурс өткіземіз. Өндірушіге: «Сен бізге мұны толық аяқтап, кілтін тапсырасың. Сол кезде ғана жұмысың аяқталды деп есептеледі», – дейміз.
Егер әңгіме италиялық Leitner немесе австриялық Doppelmayr туралы болса, бұл өндірушілер өздерінің жүз жылдық беделі дәл осы аспалы жолдың сапасына байланысты екенін жақсы түсінеді. Ол бұл нысан Австрия, Италия немесе Франция сапасымен салынуы керек екенін ұғынуы тиіс. Біз Көкжайлау жобасын бүгін алаңдап отырған ғалымдар да, біз де, бизнес те, осы процеске қатысып отырған барлық тарап та риза болатындай етіп іске асырғымыз келеді.

– Алматы тау кластері мен SuperSki жобасын экологиялық залалдың толық картинасын көрсетпеу үшін бөліп тастады деген пікір қаншалықты шындыққа жанасады?
– Бұл мүлдем жалған мәлімдеме және оның ешқандай дәлелі жоқ. Айырмашылығы неде? Тау ол жақта да, бұл жақта да шамамен бірдей. Екі жобаны бөлек құжатқа бөлу арқылы біз бір аумақты басым, ал екіншісін маңызы төмен етіп отырған жоқпыз.
– Ұлттық парк жерін пайдалану қалай жүзеге асады? Қанша жылға беріледі, жалдау құны қандай болады? Ерекше шарттар бар ма?
– Біздің ойымызша, өткен жылдардағы өте үлкен қателіктің бірі — осы жоба үшін әуелі жерді ұлттық парктің ерекше қорғалатын табиғи аумақтары құрамынан шығарып, «Көкжайлау» ЖШС балансына беру болды. Қоғам өкілдерінің кең тобының наразылығын тудырған да осы еді, негізінен бұл орынды наразылық болатын. Яғни ұлттық парктен мың гектар жерді шығарып, қандай да бір ЖШС-ке береді. Ал ол ЖШС-тің 100 пайыз мемлекеттік қатысуы бар екені ешкімді қызықтырмады. Сондықтан қазір бұл жобаны іске асыра отырып, біз жер ұлттық парктен шығарылмайды деп нақты келістік. Ол тіпті жалға да берілмейді. Kazakh Tourism Development 100 пайыз квазимемлекеттік компания болғанына қарамастан, жер жалға берілмейді. Біз бұл жобаны ұлттық паркпен бірлескен қызмет туралы шарт негізінде бірге іске асырамыз. Табиғатты қорғау жерінің мәртебесі өзгермейді.
Мұны бәрі бірдей түсінбеуі мүмкін, бірақ ұлттық парктің ішінде жердің бірнеше санаты бар. Мысалы, қорықтық жерлерде мүлде ештеңе істеуге болмайды. Шектеулі шаруашылық қызметі жерлері бар — онда құрылыс жүргізуге және туризмді дамытуға болады. Туристік рекреация жерлері бар — онда құрылыс салуға болмайды, бірақ туризм жүзеге аса алады: жаяу серуен, жорық және тағы басқа. Тұрақтандыру аймағы бар, ол қорықтық аймаққа қарағанда жеңілірек режимде, бірақ онда табиғи процестерді тұрақтандыру жүріп жатады, ол жерде белсенді қызмет жасап, туризмді дамытуға болмайды. Міне, біз тек шектеулі шаруашылық қызметіне жататын, құрылыс жүргізуге және туризмді дамытуға болатын жерлерді ғана пайдалануға келістік.
Дәл осы тұста: «Неге бұл үлкен курортты Қаскелеңде немесе Түргенде салмайсыздар?» деген сұрақтар айтылады. Инфрақұрылымға көп инвестиция қажет болатынынан бөлек, тағы бір маңызды фактор бар: ол жақтағы тау курортына қолайлы жерлер экологиялық тұрақтандыру аймағына және қорықтық жерлер санатына жатады. Сондықтан біз қандай да бір коммерциялық немесе инфрақұрылымдық жобаны іске асыру үшін жер санатын өзгертуге үзілді-кесілді қарсымыз.
– Жерді бірлесіп пайдалану деген нені білдіреді?
– Бұл жерді бірлесіп пайдаланудың шарттары нақты регламенттелген тең әріптестік. Сақталуын, өрт қауіпсіздігін, қауіпсіздік пен жануарлар дүниесінің биоалуандығын қорғауды, браконьерлікке жол бермеуді қамтамасыз ету функцияларының бәрі Экология министрлігінде қалады. Сонымен қатар олардың бұл шартты бұза алатын жағдайларының тізімі бар. Әрине, құқық көбірек соларда. Бізде туристік инфрақұрылым салу, желілер жүргізу, аспалы жолдар салу және туризмді дамыту үшін қажетті нысандарды тұрғызу құқығы бар. Жеке виллалар, коттедждер, үйлер салуға болмайтыны және оның толықтай жоққа шығарылатыны нақты көрсетілген.
– Қандай жағдайда олар шартты бұза алады?
– Ол жерде үлкен тізім бар. Егер біз экологиялық нормаларды өрескел бұзсақ, шарт талаптарын өрескел бұзсақ, шарт бірден бұзылады. Бұл жерде ешқандай талқылаусыз. Қазір жер пайдалану шарты деген бар: ұлттық паркке жүгінген кезде, ол өзінің бас жоспарына сәйкес санаты келетін белгілі бір жерді конкурс шарттарымен жалға бере алады. Сол жерде де шамамен дәл сондай талаптар тізімі бар — бір қадам оңға, бір қадам солға басуға болмайды. Егер шығарындылар және басқа да бұзушылықтар болса, шарт дереу тоқтатылады. Жай арендатордың бұл жерге қатысты құқық белгілейтін құжаттары болады, ал біздің жағдайда біз жалға алушы емеспіз. Біз жер пайдаланушылардың белгілі бір санатындамыз, бірақ шарт «бірлескен қызмет туралы» деп аталады.
– Демек, SuperSki іске асырылатын учаскеде ағаш кесуге бола ма?
– Ағаш кесуге емес, туризмді дамытуға болады. Ал ағаш кесу үшін де ғылыми негіздеме қажет. Жай ғана кіріп барып, орманды аралап кесуге ешкім рұқсат бермейді. Тіпті халықты айтпағанда, заңның өзі рұқсат етпейді. Сондықтан жобаны іске асыру үшін орман кесу қажет болса, ол ғылыми тұрғыдан негізделуі және кейін белгілі бір шаралармен қатар жүруі тиіс: өтемдік ағаш отырғызу, мүмкін болған жағдайда қайта отырғызу және тағы басқа.

– Алматы әкімдігі Көкжайлауға апаратын жол асфальтталады деп айтқан еді. Ал курорт ішіндегі жолдар қалай болады? Олар да асфальттала ма?
– Жаяу жүргінші соқпақтарының басым бөлігі, шамасы, асфальтсыз болады. Мысалы, АҚШ-та ұлттық парктерде жолдарды асфальттайды. Бірақ біз олай болғанын қаламас едік. Сондықтан тек негізгі кіреберіс жолдар ғана — құтқару қызметтеріне апаратын жолдар асфальтталады. Біз онда республикалық жедел-құтқару жасағы, өрт депосы, тікұшақ алаңы, Апаттар медицинасы орталығы және тағы басқа нысандар орналасады деп келістік. Соларға, иә, асфальтталған кіреберіс болады, бар болғаны бірнеше шақырым. Ал курорттың ішінде асфальт жолдардың болғанын қаламаймыз.
– Ішкі жолдар немен жабылады?
– Жаяу соқпақтар мен жолдар үшін көптеген технология бар. Ағаш төсемдер де бар, қиыршық тас төселетін нұсқалар да бар. Кейбір жерлерде металл және ағаш сатылар қойылады, соқпақтар салынады. Ал тау шаңғысы еңістері ешқашан ештеңемен жабылмайды. Олар мүмкіндігінше қысқа мерзім ішінде бастапқы қалпына қайтарылуы тиіс. Яғни шым төселіп, дұрыс өсімдік түрлерімен көгалдандырылып, шайылу болмауы үшін қажетті өсімдіктер отырғызылады.
– Бұған дейін флора мен фаунаға ықпалды ғылыми институттар зерттеп жатқаны айтылды. Құрылыс аймағына қанша Қызыл кітапқа енген өсімдік түсетінін есептедіңіздер ме?
– Қазір өсімдіктер бойынша есеп әлі аяқталып жатыр, оның қорытындысын міндетті түрде көрсетеміз. Ал ағаштарға келсек, біздің аумақта кесуге жататын Қызыл кітапқа енген ағаштар жоқ. Қазір мен автомобиль жолы немесе Алматы тау кластері туралы айтып отырған жоқпын. Тек SuperSki туралы айтып отырмын. Ағаштарды кесуге қажет аумақты күн сайын қысқартуға тырысып жатырмыз. Қызыл кітапқа енген ағаштар жоқ болса да, орман кесу көлемі барынша аз болғанын қалаймыз.
Тау шаңғысы әлемі өте шағын орта, біз бәріміз бір-бірімізді танимыз. Біз әріптестерімізге белгілі бір көлемде ағаш кесуге тура келетінін айтқанда, олар: «Жұмыртқа қуырғың келсе, жұмыртқаны жаруға тура келеді», – дейді. Яғни бұл қалыпты тәжірибе. Ең бастысы кейін оны екі есе, үш есе қалпына келтіру. Жай ғана ағаш отырғызып, кейін ол қурап қалатындай емес, толыққанды ағаш алқабын отырғызу керек. Белгілі бір жылдардан кейін олар қазіргі жағдайға жақын деңгейге жетуі тиіс.
– Ол қанша жылдан кейін болады? Қалпына келтіруге қанша уақыт қарастырылады?
– Әртүрлі. Мен Алматыда жұмыс істеген кезде дауылды көрдім, сол кезде тауда өте көп ағаш құлады. Біз олардың арасында жүз жылдық, 150 жылдық ағаштар да бар екенін көрдік. Менің ойымша, Алматы тауларындағы ағаштар шамамен бір кезеңнің ағаштары. Осыдан шығу керек деп ойлаймын. Шамамен сондай уақыт қажет.
– Егер жоба экологиялық тұрғыдан қауіпсіз және халықаралық тәжірибеге негізделген болса, неге ол екінші рет экологтар мен сарапшылар тарапынан қарсылыққа тап болып отыр? Сіздер олармен кездесіп, сөйлесіп, жобаны таныстыруға тырыстыңыздар ма?
– Мен олардың көбін бұрыннан танимын. Мен де алматылықпын және олар сияқты өз қалам үшін алаңдаймын. Мен Алматы үшін көп нәрсе істедім және әлі де істеп келемін. Біреудің немесе бір нәрсенің қаламызға зиян келтіргенін ешқашан қаламас едім.
Менің байланыс деректерім оларда бар, мүмкіндік болған кезде кездесеміз. Бірақ әр адамның уәжі әртүрлі. Біреу шын жүректен алаңдайды, біреуге ақпарат жетіспейді, біреу бұрынғы тәжірибеден қорқып қалған. Он жыл бұрын адамдарға мың гектар жер шығарылады, онда виллалар салынады, бәрі қоршалады деп айтылды. Мұндайдан кейін қарапайым адамның алаңдауы түсінікті. Мысалы, менің анам да алаңдаған. Көптеген достарым қарсы болды. Қазір олардың бір бөлігі жобаны қолдайды.
Бұл қарсы тұру процесіне әртүрлі себеппен қатысқан адамдар бар. Бірақ егер біз кәсіби эколог-сарапшылар туралы айтатын болсақ, олар бейінді білімі, дағдысы немесе тәжірибесі бар адамдар болуы керек. Сарапшыларды таңдауда қателеспеу үшін біз кәсіби институттарға жүгіндік, нақты мамандардың пікірін алдық. Олар кәсіби ұсыным береді. Мысалы, археологиялық ескерткіштер туралы айтқан сарапшылар болды. Біз бірден Мәдениет министрлігіне және өңірдің мәдениет басқармасына жүгініп, тізімдерді алдық. Ол жерде археологиялық ескерткіштер жоқ болып шықты. Соған қарамастан біз сарапшыларды жалдап, жұмысты өзіміз бастамашы болып жүргіздік. Археологиялық ескерткіштер анықталды, енді оларды сақтау бойынша Археология институтымен жұмыс істейміз.
– Туризмге көшейік. Алматы мұндай көлемдегі туристі қабылдауға дайын бола ма? Ең жақсы болжам бойынша қанша турист күтесіздер және қала оны көтере ала ма?
– Біз мәлімдемелерде әрдайым консервативті ұстанымды ұстанамыз. Біздің курорт пен жалпы Алматы тау кластері ашылғаннан кейін бір миллион жаңа шетелдік турист келсе, бұл Қазақстан экономикасына жыл сайын шамамен бір миллиард доллар әкеледі деп айтамыз. Бұл біз өзіміз үшін белгілеп отырған бағдар.
Алматы бір миллион туристі көтере ала ма? Менің ойымша, сол уақытқа қарай көтере алады. Қала әкімдігі әртүрлі деңгейдегі орналастыру орындарын көптеп ашу бойынша дұрыс бағыт алды. Жыл сайын жаңа қонақүйлер ашылып жатыр, сондықтан қала бір миллион туристі қабылдай алуы тиіс.
Егер Almaty SuperSki-ді қоса алғанда, бүкіл Алматы тау кластерінің өткізу қабілеті туралы айтсақ, қыста бізде күніне шамамен он мың шаңғышы жайлы сырғанай алады. Дамуға мүмкіндік бар. Бірақ құрылысты алдын ала қор жасап салу керек. Әйтпесе жыл сайын Алматы тауларында және ұлттық парк аумағында ұзаққа созылатын, шуылы көп, лас құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге тура келеді.
Осы мақаланың толық нұсқасын Bes.media басылымынан оқи аласыздар.