Ұлтаралық келісім – тұрақтылықтың тірегі: сарапшы пікірі

Самал Асқар 03 нау. 2026 12:02

Қазақстан – жүзден астам этнос өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатқан бірегей мемлекет. Мұндай көпэтносты қоғамда тұрақтылық пен бірлікті сақтау – маңызды стратегиялық міндет. Ұлтаралық келісім қандай қағидаттарға негізделуі керек? Мемлекеттік институттардың рөлі қаншалықты тиімді? Жаһандану жағдайында қоғамдық бірлікті сақтау қаншалықты күрделі? Осы және өзге де өзекті сұрақтар төңірегінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты, оқытушы Қанат Қаһарұлымен сұхбаттастық, деп хабарлайды Dalanews.kz.

- Қазақстанның ұлтаралық келісім моделі қандай қағидаттарға негізделген?

- Бәріміз білітіндей Қазақстанда қазір 130-дан астам этнос өкілдері бар делінген. Әрине қоғамдағы тұрақтылықты және тыныштықты сақтап бірге даму үшін ұлтаралық келісімді жүзеге асыру керек.

Меніңше Қазақстандағы ұлтаралық келісім моделі мынадай маңызды қағидаттарды қамтуы керек:

Азаматтардың заң алдында тең құқықтығы - Қазақстанда әрбір азамат ұлтына қарамастан заң алдында тең құқықты болу керек.

Ұлттардың дәстүріне құрмет ету – мемлекеттік тілге құрмет ету негізінде әр ұлттың тілі мен дәстүрінің дамыуына құрметпен қарау.

Диалог және өзара құрмет ету - ұлтаралық мәселелерде ағабуын ақсақалдар мен әжелерді үлгі тұту және диалог арқылы шешімін табу керек деп есептеймін.

- Этносаралық татулықты сақтау үшін қандай мемлекеттік тетіктер жұмыс істейді?

- Менің білуімше, елімізде ұлтаралық татулықты сақтауда бірнеше институттар бар. Оның бірі - Қазақстан халқы Ассамблеясы, дегенмен толықтай өз рөлін толық көрсете алмай отыр. Екіншісі, Мемлекеттік тіл саясаты және көптілділік бағдарламалары. Алайда бұл институттар тіл мәселесіне байланысты шиеленістер туындағанда түпкілікті шешімін таба алмай отыр. Сондықтан, келешекте еліміздің билігі басқа да жолдарды қарастырады деп ойлаймын.

- Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі қандай?

- Бұл орган еліміз алғаш тәуелсіздік алғанда елдегі ұлтаралық саясатты жүзеге асыру мақсатында консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылған. Негізгі рөлі этностар арасындағы диалогты қалыптастыру және қоғамда ұлтаралық келісімді жұзеге асыру. Әлемде мұндай институттар әртүрлі форматта құрылады. Мысалға Қытайда- Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік этникалық істер жөніндегі комиссиясы деген атпен ұйым жұмыс жасайды. Олардың негізгі рөлі - ұлтаралық ынтымақты одан әрі дамыту.

- Жаһандану жағдайында бірлікті сақтау қаншалықты күрделі?

Қазіргі дәуірдің негізгі белгісі болып отырған жаһандану әлемдегі мимграцияны тездетті, радикалдық идиялардың таралуын жеделдетті, сонымен бірге, ақпараттың ашықтығымен таралуын тездетті, нәтижесінде, адамдар әртүрлі нәрселерге сенеді, әртүрлі идиялогияға беріледі. Сондықтан қоғамдағы бірлікті сақтау қиындап барады. Дегенмен бізді тек ұлттық идиялогия ғана сақтап қалады деп сенемін.

- Жастар арасында толеранттылық мәдениетін қалай нығайтуға болады?

- Иә, 21-ғасырдың азаматтары ретінде, жастарға толеранттылық мәдениетін қалыптастыру керек. Меніңше мектептерде этномәдени білім беру сабақтарын ұйымдастыру, соның ішінде еліміздегі әр ұлт жастарына мемлекеттік тіл және мемлекеттік идиялогия туралы сабақтар ұйымдастырылып, ұлттар ынтымағы және бейбіт бірге даму идиялогиясы дәріптелуі керек деп санаймын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove