Атырауда төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 12 маусымдағы отырыста тергеу кезінде түсірілген бейнежазбалар қайта көрсетілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жергілікті ATPress сайтының мәліметінше, сотта көрсетілген видеода Сәрсемәлиев қылмыстан кейін із жасыру жолдарын алдын ала ойластырғанын айтқан.
Айыпталушының сөзінше, ол ата-енесіне қатысты қылмыс жасауды шешкеннен кейін олардың жоғалғанын бірден білдірмеу үшін түрлі тұрмыстық мәселелерді де есепке алған. Атап айтқанда, алғашқы айларда коммуналдық төлемдерді төлеп отыруды ойластырғанын жеткізген.
Сотта көрсетілген бейнежазбада Сәрсемәлиев: "Мен маньяк емеспін, бірден өлтіре салатын. Бәрін ойластырдым", – деп айтқан.
Қазіргі уақытта атышулы іс бойынша сот отырыстары жалғасып жатыр.