Freedom Inside '26

Елден кетуіме биліктегі ағамның қудалауы себеп болды: Асаубаева мәлімдеме жасады

Елден кетуіме биліктегі ағамның қудалауы себеп болды: Асаубаева мәлімдеме жасады
Фото: fide.com

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева әлеуметтік желіде өзіне бағытталған сындарға жауап беріп, спорттық азаматтығын не себепті ауыстырғанын түсіндірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Спортшының айтуынша, мансабы барысында ең ауыр нәрсенің бірі – өз қандастарының қолдау көрсетуі қиын болғаны.

«Мұны мойындағым келмесе де, өкінішке қарай, бұл шындық. Бүкіл мансабымда қазақтарға өз жетістігіңе қуанып, қолдау көрсету ең қиын болды», – деп жазды шахматшы.

«Мен әрдайым Қазақстан азаматы болдым»

Бибісара Асаубаева өзінің Ресей атынан өнер көрсеткен кезеңіне де тоқталды. Оның сөзінше, ол 12 жастан 15 жасқа дейін ғана Ресей құрамасы сапында жарыстарға қатысқан және Қазақстанға 2019 жылы, кейінгі геосаяси оқиғалар басталмай тұрып оралған.

«Маған Ресей үшін ойнадың деп жазады. Иә, мен бала кезімде, 12 жастан 15 жасқа дейін Ресей атынан өнер көрсеттім. Бірақ Қазақстанға 2019 жылы, бәрі басталмай тұрып оралдым», – деді ол.

Шахматшы спорттық азаматтығын ауыстыру қаржыландыру мәселесіне байланысты болмағанын айтты.

«Спорттық азаматтықты ауыстырудың себебі қаржыда емес еді. Мен әрдайым Қазақстан азаматы болдым. Мәселе туған ағамда болды. Ол менің дамуыма кедергі келтіріп, түрлі қиындықтар туғызды», – деп жазды Асаубаева.

Ағасы туралы не айтты?

Бибісараның айтуынша, туысы сол кезде Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінде қызмет еткен.

«Ол Президент әкімшілігінде жұмыс істеді. Қызметінен кеткеннен кейін ғана біз Қазақстанға қайта оралдық және бұл жағдай туралы ашық айттық. Егер адамдар осы мәселені аздап болса да зерттегенде, өздерін соншалықты қатыгез әрі ақымақ ұстамас еді», – деді спортшы.

«Қазақ тілін үйреніп жүрмін»

Шахматшы қазақ тілін меңгеру мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарының тығыз кестесіне қарамастан, қазақ тілін үйренуге уақыт бөліп жүр.

«Менің парақшама жазылған адамдар кестемді жақсы біледі. 1 желтоқсаннан бері үйде бар болғаны 12-15 күн ғана болдым. Соған қарамастан, оқу-жаттығу жиындары кезінде қазақ тілін оқып жүрдім. Бірақ осыншама жеккөрушілік пен хейтті көрген сайын оған деген ынта азая береді», – деп жазды ол.

Министрлікті сынады

Бибісара Асаубаева жазбасының соңында Туризм және спорт министрлігінің ұстанымына қатысты да пікір білдірді.

«Егер біздің министрлік шахмат маңызды емес деп айтудан әрі менің парақшама боттарды жіберуден басқа ештеңе істей алмаса, онда олардың құны көк тиын», – деп мәлімдеді шахматшы.

Еске салайық, бұған дейін Туризм және спорт министрлігі Бибісара Асаубаеваның жалақысының қысқаруы шахматтың басым спорт түрлері қатарынан шығарылуына байланысты екенін хабарлаған болатын.

Айта кетейік, әңгіме Бағлан Майлыбаев туралы деген ақпарат тарады. Ол – Қазақстан Президенті Әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары. Ол 2011-2017 жылдары осы қызметті атқарып, ішкі саясат пен идеология мәселелеріне жетекшілік етті. Бұған дейін Президенттің баспасөз хатшысы, Мәдениет және ақпарат вице-министрі қызметтерінде болған.

2017 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті оны мемлекеттік құпияларды заңсыз жинау, тарату және жария ету күдігімен ұстады. Кейін сот Майлыбаевты қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану және мемлекеттік құпияларға қатысты заң бұзушылықтар бойынша кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырды. Оның мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды.

2020 жылы ол мерзімінен бұрын босатылғаны туралы ақпарат тарады.