Алматыда 10 маусым күні қазақстандық Allur автомобиль компаниясының жетекшілігімен MG бренді ерекше форматтағы тест-драйв ұйымдастырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Автоквест, экстремалды сынақтар, дрифт элементтері және MG RX9 флагмандық кроссоверінің тікұшақпен жеткізілуі шараның басты ерекшелігіне айналды.
Іс-шараға 80-ге жуық БАҚ өкілі, блогерлер мен медиа тұлғалар қатысты. Қонақтарға MG маркасының Қазақстан нарығындағы модельдік қатары таныстырылды.
Тест-драйв MG дилерлік орталығында басталды. Қатысушылар MG 5, MG ZS және MG HS модельдерімен танысып, негізгі алаңға бара жатқан жолда бренд тарихы мен технологияларына арналған интерактивті викторинаға қатысты.
Жол бойында әр модель өз мүмкіндігін көрсетті. MG 5 қалалық қозғалыстағы ыңғайлылығымен, жеңіл басқарылуымен және жайлы жүрісімен ерекшеленді. MG ZS әмбебаптығы мен маневр жасау қабілетін көрсетсе, MG HS жоғары деңгейдегі дыбыс оқшаулауы мен жайлылығымен назар аударды.
Іс-шараның басты сәті «Сокол» спорттық-техникалық кешенінде өтті. Автокөліктер колоннасы алаңға жеткен кезде аспанда тікұшақ пайда болып, оның көмегімен MG RX9 флагмандық кроссовері жеткізілді.
Жеті орындық кроссовердің ерекше таныстырылымы қонақтардың қызығушылығын тудырып, шараның ең әсерлі сәттерінің біріне айналды.
Одан кейін тест-драйв экстремалды режимде жалғасты. Дрифт алаңында қатысушылар көліктердің жоғары жылдамдықтағы тұрақтылығын, басқарылуын және аспа жүйесінің жұмысын бағалады. Күрделі маневрлер мен бақыланатын сырғанаулар кезінде де модельдер сенімділігін көрсетті.
Қатысушылардың ерекше назарын MG RX9 аударды. Үлкен өлшемді кроссовер қуаты мен жайлылығынан бөлек, жоғары басқарылу қасиеттерін де паш етті. Автокөлік күрделі учаскелерден сенімді өтіп, күрт маневрлер кезінде де тұрақтылығын сақтады.
Сынақтың соңғы кезеңі жолсыз жердегі мүмкіндіктерді тексеруге арналды. Бұл жерде MG кроссоверлері аспа жүйесінің тиімділігін, өтімділігін және әртүрлі бедерлерден сенімді өте алатынын көрсетті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты тек көліктерді таныстыру емес, қатысушыларға брендтің мүмкіндіктерін ерекше форматта көрсету болды. Технология, интерактив және драйв элементтері үйлескен бұл іс-шара маусымдағы ең жарқын автомобильдік оқиғалардың бірі ретінде бағаланды.