Қазіргі білім беру: теориядан тәжірибеге бетбұрыс

Самал Асқар 16 нау. 2026 13:45

Қазіргі қоғамда білім беру жүйесіне қойылатын талап күн сайын артып келеді. Білім беру сапасын арттыру, оқу бағдарламаларын жетілдіру, тіл саясаты, оқу мәдениетін дамыту және педагог мамандығының беделін көтеру – мемлекеттік деңгейде көтеріліп отырған маңызды мәселелердің бірі.

Осы бағытта Dalanews.kz тілшісі Алматы облысындағы Қазақ-Британ халықаралық мектебінің директоры Жадыра Мұратқызы Қалғұловамен қазіргі оқу бағдарламасының ерекшеліктері, бағалау жүйесі және білім беру саласындағы жаңартулар туралы сұхбаттасты.

– Қазіргі оқу бағдарламасының басты ерекшеліктері қандай және ол оқушылардың білім сапасын арттыруға қалай ықпал етеді?

– Қазіргі оқу бағдарламасының негізгі ерекшелігі – оқушылардың тек теориялық білім алуымен шектелмей, алған білімін өмірде қолдана алуына бағытталуы. Бүгінде білім беру жүйесінде функционалдық сауаттылықты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Яғни оқушы белгілі бір пәнді оқып қана қоймай, сол білімнің өмірде қай жерде және қалай қолданылатынын түсінуі керек.

Мысалы, физика, химия, биология немесе информатика сияқты пәндердің барлығы өмірмен байланыстырылып оқытылуы тиіс. Бұрын көбіне теорияға басымдық беріліп, формулаларды жаттап, есептер шығарумен шектелетін жағдайлар жиі кездесетін. Ал қазіргі көзқарас бойынша, оқушы алған білімінің өмірде нақты қандай пайдасы бар екенін түсінуі қажет.

Функционалдық сауаттылық – білім сапасын арттырудағы маңызды бағыттардың бірі. Мәселен, көбейту кестесі тек математика сабағында ғана қажет дүние емес. Ол күнделікті өмірде есеп жүргізуге, сауда жасауға, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға көмектеседі. Осындай қарапайым мысалдар арқылы сабақтарды өмірмен байланыстыра оқыту оқушылардың қызығушылығын арттырып, білім сапасының көтерілуіне ықпал етеді.

Сонымен қатар қазіргі оқу бағдарламасында заман талабына сай жаңа пәндер де енгізілген. Соның бірі – «Жаһандық құзыреттілік» пәні. Бұл пән оқушылардың қазіргі қоғамдағы өзгерістерді түсінуіне, әлемдік үдерістерге бейімделуіне бағытталған. Сондықтан оның мазмұнын болашақта одан әрі жетілдіру маңызды деп ойлаймын.

– Соңғы жылдары оқу бағдарламасына енгізілген өзгерістер мектептегі оқу процесіне қалай әсер етті?

– Соңғы жылдары білім беру жүйесінде белгілі бір жаңартулар болды. Соның ішінде жаңартылған білім мазмұны мен бағалау жүйесінің өзгеруі мектептегі оқу процесіне әсер етті. Бұл өзгерістер мұғалімдер мен оқушылардың жұмыс форматына да ықпал етті.

Мысалы, мектептерде бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) енгізілді. Бұл жүйе оқушылардың білімін белгілі бір кезеңдер бойынша жүйелі түрде бақылауға мүмкіндік береді.

Дегенмен кей жағдайларда бұл бағалау жүйесі мұғалімдерге қосымша жұмыс жүктемесін де арттыруы мүмкін. Себебі бағалау тапсырмаларын дайындау, өткізу және тексеру белгілі бір уақыт пен күшті талап етеді.

Жалпы алғанда, оқу процесінде түрлі жаңартулар болғанымен, білім сапасына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – оқу мазмұны мен оқулықтардың сапасы. Сондықтан бұл бағытта үнемі жетілдіру жұмыстары жүргізіліп отыруы қажет.

– Оқу бағдарламасы оқушылардың сыни ойлау, зерттеу және практикалық дағдыларын дамытуға қаншалықты бағытталған?

– Қазіргі оқу бағдарламасы оқушылардың сыни ойлау, зерттеу және практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған деп айтуға болады. Білім беру жүйесінде осы дағдыларды қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп отыр.

Алайда бұл бағыттағы нақты нәтижелер көбіне мұғалімнің кәсіби біліктілігіне байланысты. Егер ұстаз өз ісіне жауапкершілікпен қарап, үнемі ізденіп, шығармашылықпен жұмыс жасаса, онда оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамытуға толық мүмкіндік бар.

Мұндай жағдайда сабақ барысында зерттеу элементтері енгізіліп, түрлі практикалық жұмыстар ұйымдастырылады. Ал егер мұғалім тек бағдарламамен шектеліп, қосымша ізденіс жасамаса, онда бұл мүмкіндіктер толық пайдаланылмауы мүмкін.

Сондықтан сыни ойлау мен зерттеу дағдыларын дамытуда мұғалімдердің кәсіби дамуы ерекше маңызды.

– Мектептерде ТЖБ мен БЖБ өткізу тәртібі оқушылардың білімін бағалауда қаншалықты тиімді деп ойлайсыз?

– ТЖБ мен БЖБ жүйесі оқушылардың білімін белгілі бір кезеңдер бойынша бағалауға мүмкіндік береді. Бұл тұрғыдан алғанда, бағалау жүйесі оқу процесінің нәтижесін бақылауға көмектеседі.

Дегенмен кей жағдайларда бұл жүйе мұғалімдер үшін қосымша жүктеме туындатуы мүмкін. Себебі әр сынып бойынша бағалау жұмыстарын дайындау, өткізу және тексеру белгілі бір уақытты талап етеді.

Бағалау жүйесінің тиімділігі тек оның формасына ғана емес, сонымен қатар мазмұны мен ұйымдастырылуына да байланысты. Егер бағалау тапсырмалары оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға бағытталса, онда бұл жүйе өзінің тиімділігін көрсете алады.

– ТЖБ мен БЖБ нәтижелері мұғалімдерге оқушылардың біліміндегі олқылықтарды анықтауға қалай көмектеседі?

– ТЖБ мен БЖБ нәтижелері мұғалімдерге оқушылардың білім деңгейін бақылауға және белгілі бір тақырыптар бойынша қиындықтар бар-жоғын анықтауға мүмкіндік береді.

Осы нәтижелер арқылы мұғалім оқушылардың қай тақырыптарды жақсы меңгергенін, қай жерлерде қосымша түсіндіру қажет екенін байқайды. Яғни бағалау нәтижелері оқу процесін талдауға және оны жетілдіруге көмектеседі.

Алайда мұғалімдердің жұмыс жүктемесі де жоғары екенін ескеру керек. Бір мұғалім бірнеше сыныпқа сабақ береді, әр сыныпта ондаған оқушы болады. Олардың барлық жұмыстарын тексеру, талдау жасау және әр оқушыға жеке көңіл бөлу айтарлықтай уақытты талап етеді.

Сондықтан бағалау нәтижелерін тиімді пайдалану үшін мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсету де маңызды.

– Алдағы уақытта оқу бағдарламасын жетілдіру немесе жаңарту бойынша қандай жоспарлар бар?

– Оқу бағдарламасын жетілдіру мәселесі негізінен мемлекеттік білім беру стандарттарына байланысты жүзеге асырылады. Сондықтан мектептер бұл бағытта белгіленген талаптарға сәйкес жұмыс жүргізеді.

Алдағы уақытта оқу бағдарламаларын жетілдіру бойынша түрлі ұсыныстар мен өзгерістер болуы мүмкін. Әдетте мұндай жаңартулар білім беру саласындағы уәкілетті органдардың шешімдері арқылы жүзеге асырылады.

Мұғалімдер үшін ең маңыздысы – сапалы оқулықтар, түсінікті оқу бағдарламасы және оқушылардың білімін дамытуға бағытталған тиімді әдістемелер. Егер осы бағыттар жүйелі түрде жетілдіріліп отырса, білім беру сапасы да біртіндеп арта түседі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove