Димаш Құдайберген әлемдік музыка саласындағы айтулы жобаға қатысты

Көркем Алдабергенова 05 жел. 2025 09:48

Димаш Құдайберген әлемдік музыка саласындағы айтулы жоба Grammy Global Spin-ге қатысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

4 желтоқсанда «Grammy» сыйлығының ресми сайтында және оның YouTube арнасында Димаш Құдайбергеннің өз авторлық туындысы — «Fire» композициясын орындаған жаңа бейнежазбасы жарияланды.

Қазан айында Нью-Йорктегі әйгілі Madison Square Garden сахнасында қазақ өнерін жоғары деңгейде таныстырып, зор жетістікке жеткеннен кейін, әнші Американың беделді музыкалық алаңдарының бірі Grammy.com және Ұлттық дыбыс жазу өнері мен ғылымдары академиясымен шығармашылық серіктестік орнатқан.

2021 жылдың қыркүйегінде іске қосылған Global Spin жобасы әлемнің әр түкпіріндегі әртістерді қолдауға арналған. Бұл жобаға K-pop жұлдыздары, нигериялық хип-хоп өкілдері, шотланд фолк бағытының музыканттары және басқа да халықаралық деңгейдегі орындаушылар қатысқан. Жобаның әр шығарылымы белгілі бір әртіс пен оның елінің мәдениетін таныстыратын эксклюзивті тікелей орындаудан тұрады.

Дыбыс жазу Академиясы АҚШ-тағы орындаушылардың, композиторлардың, продюсерлердің, дыбыс мамандарының құқығын қорғаумен қатар, әлемдегі ең беделді марапат — «Grammy» сыйлығын ұйымдастырады.

Мұндай ұйымның қолдауы — әлемдік сахнада туған елінің мәдениетін танытып жүрген әртіс үшін аса маңызды жетістік.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар