Әуе қауіпсіздігіне қатысты төтенше жағдайлар: соңғы апаттар хронологиясы

Қаракөз Амантай 05 жел. 2025 10:30

Кейінгі уақытта әлемнің бірнеше елінде әуе қауіпсіздігіне қатысты бірқатар төтенше жағдай тіркелді. Бұл оқиғалар әуе тасымалы саласында қауіпсіздік мәселесінің өзектілігін тағы бір мәрте алға шығарып отыр. Dalanews.kz соңғы күндері және өткен айда болған әуе апаттарын жинақтап, хронологиялық шолу ұсынады.

Бразилиядағы апат

Бүгін, 5 желтоқсанда Бразилияның Гуарульюс қаласындағы әуежайда LATAM компаниясының Airbus A320 жолаушылар ұшағы отқа оранды.

Бортта жүзден аса жолаушы болған. Порту-Алегриге бағыт алған әуе кемесінде түтін анықталған бойда қауіпсіздік хаттамалары іске қосылып, экипаж жолаушыларды жедел эвакуациялады.

Адам шығыны туралы ақпарат әлі жоқ, ал өрттің нақты себебі тексеріліп жатыр.

Мәскеу – Пхукет бағытындағы оқиға

Ал 3 желтоқсанда Мәскеуден Пхукетке ұшып шыққан Redwings компаниясының Boeing-777 әуе кемесі көтеріле бергенде қозғалтқышының өртенуіне байланысты шұғыл түрде Домодедово әуежайына қайта қонды.

Ұшақ бортында 412 жолаушы және 13 экипаж мүшесі болған.

Өрт ұшқаннан төрт минуттан кейін байқалған. Экипаж жанармайды әуеде жағып, қауіпсіз қонуға жағдай жасаған. Апат себебі тергеліп жатыр.

Астана–Қостанай рейсіндегі жағдай

3 желтоқсанда Қазақстанда Астана – Қостанай бағытындағы FlyArystan компаниясының FS7341 рейсі ауа райының қолайсыздығына байланысты кері қайтты.

Қостанайдағы қою тұман ұшақтың қонуына мүмкіндік бермегендіктен, экипаж қауіпсіздік талаптарына сәйкес Астанаға оралу туралы шешім қабылдады. Жолаушыларға тамақ пен сусын беріліп, кейін ауа райы жақсарған соң рейс қайта жүзеге асты.

Бұл оқиға – техникалық ақаудан емес, метеорологиялық себептен болған жағдай.

Бұған дейінгі оқиғалар

Дубайдағы авиашоу кезіндегі жарылыс

Бұған дейін, 21 қарашада Dubai Airshow көрмесі кезінде Үндістан ӘӘК-нің Tejas жойғыш ұшағы көпшілік көзінше құлап, жарылып кеткен еді.

Апат салдарынан көрермен арасында дүрбелең туындап, аспанды бірнеше минут бойы қара түтін торлады.

Үндістан ӘӘК оқиғаны ресми түрде растады. Қосымша мәліметтер кейінірек ұсынылады деп хабарланды.

Түркияның өрт сөндіру ұшағының Хорватияда құлауы

Жақын күндері болған тағы бір ауыр оқиға – Хорватиядағы апат.

14 қарашада Хорватия аумағында Түркияның Ауыл және орман шаруашылығы министрлігінің Басты орман басқармасына тиесілі өрт сөндіру ұшағы құлады. Бұл туралы министр Ибрагим Юмаклы хабарлады.

Ұшақ радардан жоғалып кетіп, оның бөлшектері Сень қаласы маңынан табылған. Апат салдарынан ұшқыш қаза тапқан.

CNN Türk мәліметінше, әуе кемесі 5 мың фут биікте қалың бұлт қабатына кіріп, қолайсыз ауа райына тап болған. Загреб әуежайына қона алмаған экипаж бағытын өзгертуге мәжбүр болыпты.

Министрлік өкілдері ұшақтың Хорватияға техникалық қызмет көрсетуге бара жатқанын мәлімдеді. Қайғылы оқиғаға қатысты тергеу жалғасып жатыр.

АҚШ-тағы UPS жүк ұшағының құлауы

5 қарашада АҚШ-тың Кентукки штатында UPS компаниясына тиесілі MD-11 жүк ұшағы көтерілу кезінде сол жақ қозғалтқышы жанып, қанаттан ажырап қалған.

Апат салдарынан кемінде 12 адам қаза тапты, бірнеше адам жарақат алған. Өрт әуежайға жақын орналасқан өнеркәсіптік аймаққа да таралған.

АҚШ-тың Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі (NTSB) бұл оқиғаны соңғы жылдардағы ең ірі әуе апаттарының бірі деп атады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар