Үлкен ауылында еліміздің екінші атом электр станциясына қатысты жария тыңдау өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алматы облысына қарасты Үлкен ауылында Қазақстанда салынуы мүмкін екінші атом электр станциясының орны талқыланды. Тыңдауға жергілікті тұрғындар, қоғамдық ұйым өкілдері, мәслихат депутаттары, Атом энергиясы жөніндегі агенттігі, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС мен «Ядролық физика институты» РМК мамандары қатысты.
Атом энергиясы жөніндегі агенттік пен «Қазақстандық атом электр станциялары» компаниясы негізгі энергия жүктемесі, геологиялық жағдайлар және электр желілерінің инфрақұрылымы ескерілгенін атап өтіп, осы факторлар бойынша екінші АЭС-ке арналған ықтимал аумақтарға талдау жүргізілгенін хабарлады.
Тыңдау қорытындысы Алматы облысы мәслихатына жолданбақ.
Сонымен қатар, қазір жоспарланып отырған «Балқаш» алғашқы атом электр станциясының аумағында инженерлік-іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
