Грузияда үш қазақстандық ұсталды

Қаракөз Амантай 05 жел. 2025 12:41

Грузияның тергеу органдары "Батуми мұнай терминалы" ЖШС басқармасындағы үш қазақстандық азаматты ұстады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оларға кедендік бақылаудан жалтару арқылы 10 мың тоннадан астам шикі мұнайды сату схемасын ұйымдастырды деген айып тағылған. Сондай-ақ жетіспеушілікті жасыру мақсатында резервуарларға ластанған қалдықтар құйылған болуы мүмкін деген болжам бар.

Қылмыстық іс контрабанда және кеден ережелерін бұзу баптары бойынша қозғалған, айыпталғандар 11–15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына тартылуы мүмкін.

Компания өз мәлімдемесінде барлық қызметкердің жұмысты жалғастыратынын, терминал Грузия заңнамасы аясында жұмыс істейтінін және қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделері сақталатынын атап өтті. Тергеу талаптарына байланысты ЖШС қосымша түсініктеме бермейді.

"Батуми мұнай терминалы" ЖШС 2017 жылдан бері "ҚазТрансОйл" АҚ меншігінде болып, Грузиядағы өндірістік активтер мен теңіз портын басқарады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар