Аида Балаева еліміздегі еріктілерді Халықаралық волонтерлер күнімен құттықтады

Ақтоты Жапатова 05 жел. 2025 11:25

ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Халықаралық волонтерлер күніне орай еліміздегі еріктілерді мерекемен құттықтап, олардың қоғамдық өмірдегі рөлін ерекше атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz

Министрдің айтуынша, волонтерлік қозғалыс бүгінде Қазақстандағы мәдениет, білім, экология, медицина, әлеуметтік қолдау және қайырымдылық салаларының дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді.

«Волонтерлік – қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Мемлекет сіздердің белсенділіктеріңізді, азаматтық ұстанымдарыңыз бен жасампаз істеріңізді жоғары бағалайды», - деді Аида Балаева.

Ол Қазақстанда волонтерлікті қолдаудың біртұтас мемлекеттік жүйесі қалыптасқанын, бұл бағыт әрқашан мемлекеттік саясат назарында екенін атап өтті.

Бүгін БҰҰ-ның Нью-Йорк қаласындағы Штаб-пәтерінде Орнықты даму жолындағы Халықаралық волонтерлер жылының ресми ашылуы өтеді. Бұл бастама Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен жүзеге асқан.

Министрдің айтуынша, халықаралық жыл «Бірге – тұрақты болашақ үшін!» ұранымен аталып өтіп, волонтерлердің орнықты даму мақсаттарын іске асырудағы рөлін күшейтеді.

«Атаулы жыл миллиондаған адамды әділ, бейбіт және тұрақты әлем құруға атсалысуға шабыттандырады», - деді Балаева.

Сондай-ақ ол барлық еріктілерге атқарап жүрген игі істері, мейірімділігі және қоғам игілігі жолындағы еңбегі үшін алғыс білдірді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар