Алматы облысында үш ит 10 жастағы баланы талап тастады: бала жансақтау бөлімінде жатыр

Ақтоты Жапатова 01 шіл. 2025 13:26

Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Жалпақсай ауылында ауыр жағдай тіркелді. Үш бірдей ит — бір питбуль және екі ротвейлер жеке аумақтан шығып кетіп, футбол алаңында ойнап жүрген 10 жастағы балаға шабуыл жасаған. Қазір бала ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Куәгерлердің айтуынша, иттер баланы аяусыз жұлмалап, құлағын жұлып алған. Сонымен қатар, денесі мен басынан көптеген жарақат алған. Оқиға орнында болған адамдардың айтуынша, бұл көрініс адам шошырлық болған: адамдар айқайлап, көмек шақырған, бірақ иттер тоқтамаған.

Екі ер адам ғана баланы құтқаруға кірісіп, солардың бірі питбульге қарсы қару қолдануға мәжбүр болған. Атып өлтірілген иттен кейін ғана жағдай тұрақталған.

Тұрғындардың айтуынша, иттердің иесі жауапкершіліктен қашып, кінәсін мойындамай отыр. 

"Тиісті сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижелері бойынша процестік шешім қабылданады", - деді Алматы облысы полиция департаментінде.

Жергілікті тұрғындар бұл жағдайға қатты алаңдаулы. Олар иттерге қатысты заңдардың күшейтіліп, мұндай жағдайларға жол бермеу үшін нақты шаралар қабылдануын талап етуде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар