Back
| DalaNews

Талғар тозып барады

Бұл қала кезінде Алатаудың сәні еді. Баурайы толы бақ, көшелері толы ағаш, шағын ғана шаһардың тазалығы өзіне бек жарасатын. Алматыдан небәрі 30 шақырым қашықтықтағы қалаға келгендер сәнділігіне, тыныштығына, бақуаттылығына мәз болып қайтатын. Қолы жеткендер осы шағын қаладан саяжай алып, жаз бойы демалысын осында өткізуші еді. Қазір… тозды!

Елбасы Талғарға қашан келер екен?

| DalaNews

Талғар ауданының әкімі Райхан Садықова.

Жуырда Президент Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласына сапарлап келді. Одан ары Алматы облысындағы екі ауданға – Қаскелең мен Ұзынағашқа барып қайтты. Сайлау алдында туған жеріне тағзым етуді жөн көрген шығар… Бір білеріміз, Президент келеді дегеннен бері екі ауданнан дегбір қашты. Жолдардың жиегі қоқыр-қоқыстан тазаланып, шұқырлары тез толтырылып (жөндеді деуге ауыз бармайды), асығыс-үсігіс қауырт жұмыс басталды. Жол айнадай, шағын қалалар тап-таза қалыпқа келді.

Дегенмен, бұл екі аудан орталығы да Талғарға қарағанда әжептәуір дамыған. Алматының батысына қарай жол тартсаңыз, Ұзынағаш пен Қаскелеңнің бұдан 5 жыл бұрынғыға қарағанда ретке келіп, жаңа құрылыс нысандары салынып, қал-қадарынша дами бастағанына көз жеткізесіз. Жолы, суы, жарығы бар, ауылдары негізінен газбен қамтылған. Талғар жұртшылығы «Елбасы Талғарға қашан келер екен» деп күтіп жүр… Тым құрыса, тазалығымыз жақсарар еді дейді.

 

Талғарды жемқорлық неге шырмап алды?

| DalaNews

Талғар ауданында жемқорлық факторы неге жиі тіркеледі?

Әйтеуір, бұл аудан жемқорлықтан, құрғақ уәдеден көз ашпай келеді. Бірнеше жыл бұрын Талғар қаласының екі әкімі бірінің артынан бірі пара алып ұсталды. Жұматай Қасымбаев пен Адайбек Қожахметовтің ісі елді дүрліктірген. Одан бұрын да ауданның бірнеше басшысы қамалған еді. Егер тізер болсақ, бұл тізімді әлденеше онға жеткізуге болады.

Талғар ауданында жемқорлық факторы неге жиі тіркеледі?

Себебі, бұл аудан алып қаланың іргесінде, жері өте шұрайлы, көкорай, сол үшін де қымбат. Онымен қоймай, соңғы оншақты жылдан бері Талғар ауданының халқы қауырт өсті. Қала сағалағанның бәрі Талғардан жер алып, үй салуға үйір. Бұл шенеуніктер үшін табыстың көзі. Жер алғыңыз келіп, әкімшіліктерге бас сұқсаңыз, олар бірден жер телімдерінің бәрі жекеменшікке беріліп кеткенін айтады.

Ал елден сұрасаңыз, делдалдардың көптігіне таңырқайсыз. Әкім бермеген жерді делдалдар арзан бағаға тауып береді. Біз Талғар ауданы халқынан арнайы сауалнама да жүргіздік. Солардың басым бөлігі ауданда жемқорлық факторының өршіп тұрғанын жеткізді. Әрине, жемқорлық тек бір жақтылы фактор емес, оның сан-салалы қыры бар. Әйткенмен, неге бұл ауданды жемқорлық шырмап алды?.. Халық неге әкімшілікке сенбейді?

Шағын қаладағы кептеліс…

| DalaNews

Таң мен кеште қалада көлік кептелісі.

Аудан басшылығының жүйелі жұмыс істеуге құлқы жоқтығын, өзгесін былай қойғанда, инфрақұрылымдардың жүргізілмейтінінен байқауға болады.

Сенбесеңіз, кешқұрым жұмыстан қайтсаңыз, Талғарға жолай көрмеңіз. Алматының кептелісінен жүйкеңіз тозып Талғарға таяғанда көліктердің қаңтарылып тұрғанын көресіз. Қызылқайрат ауылынан Талғарға дейін. Талғардың іші тіпті ығы-жығы. Бұл неғылған бітпейтін кептеліс екенін сұрап көргенбіз. Сөйтсек, екі-үш жыл бұрын қалаға таза ауыз су құбырларын жүргізуді бастапты. Онысы әлі толық аяқталмаған көрінеді.

Соның алдында ғана Президент сайлауы өтер кезде аудан халқы Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазып, Алматы-Талғар тасжолын жөндеткізген еді. Әйтпесе, Талғарға жеткенше ойдым-ойдым жолмен қатынайтын. Сол жөндеу біте салысымен, Талғар қаласының жолдары да жөнделе бастаған. Бірақ көп өтпей су құбырларын тарту басталды. Содан бері қаланың жолдары ойдым-ойдым. Тіпті, шеткі жағына шығар болсаңыз, мүлдем жөнделмеген, халқы қысы-жазы балшық кешіп жүретін жаңа құрылыс алаңқайларына жолығасыз. Тұрғындар қаладан жұмыстан кеш қайтуға қорқады. Көшесі бұлың-бұлың, жолы жоқ, жарығы мүлдем тартылмаған ықшамаудандарда ұры-қары, нашақорлар көп деседі.

Осы секілді мәселеден таң мен кеште қалада көлік кептелісі болады екен. Үш жыл бойы тартылып бітпеген су құбырының жыры қашан бітер екен?

 

Құм ішкен халық…

| DalaNews

Үш жыл бойы тартылып бітпеген су құбырының жыры қашан бітеді?

Су демекші, таза ауыз су аудан халқының талайдан бергі дерті. Әкімдердің жылдағы есебіне көз жүгіртсеңіз, сонау 2010 жылдары-ақ бұл мәселе шешімін табуға тиіс-тұғын. Содан бері әкімдердің жылдық есеп беруінен ауыз судың мәселесі түспей келеді.

Жыл басында «биыл», жыл соңында «келер жылы» деген жауаптан шаршаған халық он шақты жыл бойы құм аралас лай суды ішіп келді. Соның кесірінен аудан халқының арасында ауру-сырқау көп. Көбі ішкі ағзаларына тас байланғаннан зардап шегіп жүр. Талғар емханасына бармастан, Алматыға келіп емделеді. Өйткені, емханада «бәрі бар, тек маман жоқ». Барған халықты қаладағы жекеменшік «Сұңқар» секілді емдеу орталықтарында тексеріліп, анализін алып келуге жұмсайды.

Арлы-берлі шапқыламай, жекеменшік емханаларда емделу – Талғар халқының дағдысына айналған. Әлі де қаншама ауылға таза су жеткен жоқ. «Биыл», жоқ, «келер жылы»… жетеді. Күту керек.

 

Құбыр бар, газ жоқ

Талғар ауданына газ жеткелі де 3-4 жылдың жүзі болды. Жылына бір ауылға әзер жетеді. Мұндай баяу жүргізілетін инфрақұрылымға бас шайқамай тұра алмайсыз. Ауданның қазіргі әкімі Райхан Садықова ханым да бұрынғы әкімдердің әлеулайын қайталап келеді. Жылдағы халыққа есеп беруінде газ, жол, ауыз судың жылдам шешілетінін айтып, «биыл», яки «келер жылы» деген уәдесін үйіп-төгуге машықтанған. Талдыбұлақ, Бірлік секілді ауылдарға құбыр жеткенімен, газы қашан қосылары белгісіз.

Ал Талғар халқы түгелдей газданғалы бірнеше жыл болды. Есеп бойынша. Шын мәнінде, әлі газ жетпеген көшелер көп. Себебі, тұтас қаланы газдандыруға газ қоры аз көрінеді… Тек тамақ үшін ғана газ пайдалана аласыңдар деген сыбыс ел арасына тарағалы бері елдің газ тартуға құлқы төмендеп кеткенін айтады қала тұрғындары. Сонда деймін-ау, егер газы жеткіліксіз болса, құбыр тартып неге әлекке түсті екен? Бақандай бес жыл бойы жүргізілген құбырдың қызығын қала халқы қашан көреді?..

 

Жаңалығы жоқ қала…

| DalaNews

Талғарға басшылардың көзі түспей жүр.

Талғар – жаңалығы жоқ қала. Егер іскер басшы, еңбекшіл қосшысы болса, Талғардай қаланы құлпыртып жіберуге болар еді. Оған қаланың орналасу аймағы сұранып-ақ тұр. Туристерді тартуға қолайлы жерлер көп. Спорттық нысандар да қаншама? Алматыдан зеріккен жұрт Талғарға ағылар еді, егер бұл қала сәулетті де дәулетті болса.

Облыс басшысы Батталов әкім болғалы Талғардың жағдайы түзеледі деген үміт бар халықта. Қазір азып-тозып отырған қаланың сәулетін арттырып, көрікті шағын аудандарды көбейтсе, құрылыс нысандарын бейберекет салмай, қаланың даму жоспарын құрса, инфрақұрылымын жетілдірсе, мұндай қаланың бағы артар еді. Тек, Талғарға басшылардың көзі түспей жүр. Халық Алматыдан нәпақасын айырып, екі ортада сабылумен күнелтуде. Жұмыссыздық та шешілмеген түйіндердің бірі. Алматының іргесінде болғандықтан, ол жайлы көп айтыла бермейді.

Алып мегаполистен жалданып болса да ішер асын әзер тауып жүрген отбасылардың саны жыл санап артып келеді. Егер Талғардың әлеуметтік мәселелерін ертерек шешпесе, күні ертең айрықша өткір сұрақтар облыс, бәлкім Үкімет алдына тіке қойылуы мүмкін. Қордаланған түйткілдер көп себебі. Бұл туралы алдағы нөмірлерде арнайы зерттеу жүргізетін боламыз. 

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ