Тоқаев жаңа заңға қол қойды

Көркем Алдабергенова 14 шіл. 2025 18:05

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық көмек көрсету мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Заң міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) және медициналық қызметтер көрсету саласын реттейтін қолданыстағы заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.

Құжатта қарастырылған негізгі өзгерістер:

  • Бірыңғай медициналық көмек пакетін қалыптастыру;
  • МӘМС жүйесі бойынша жарналар мен аударымдарды есептеу үшін қабылданатын айлық табыстың жоғарғы шегін арттыру;
  • Жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар мен әлеуметтік әл-ауқаты дағдарыстық немесе төтенше деңгейдегі тұлғалар үшін МӘМС жарналарын жергілікті бюджет қаражаты есебінен төлеу;
  • Мемлекет тарапынан төленетін жарна мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен өзгерту;
  • Қазақстан азаматтары тегін медициналық көмектің кеңейтілген түрлеріне – вакцинация, онкоскринингтер, әлеуметтік маңызы бар ауруларды диагностикалау және емдеуге қол жеткізеді.

Атап айтқанда, МӘМС жүйесінің қағидаттарын кеңейту және мемлекет жарналарын төлеу мөлшерлемесін кезең-кезеңімен өзгерту, сондай-ақ жарна төлемі уақытша үзіліске ұшыраған жағдайда сақтандырылған мәртебені қорғау қарастырылған.

Мәселен, егер адам өзі немесе ол үшін 60 ай бойы үзіліссіз жарна немесе аударым төлеген болса, жарна төлеу тоқтатылған сәттен бастап алты ай ішінде МӘМС жүйесі аясында медициналық көмек алуға құқығы сақталады. Алайда бұл құқық жарнаның төленбеген кезеңі үшін төлем жасаудан босатпайды.

Жарна мен аударымдарды есептеу тәртібі:

  • Аударымдар үшін есептелетін айлық табыс қызметкерге есептелген барлық табыс түрлері бойынша есептеледі және республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының 40 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс.
  • Жарналар үшін есептелетін айлық табыс барлық табыс түрлерінің жиынтығы бойынша есептеледі және ең төменгі жалақының 20 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс.

Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген табыс сомасынан жарна төленген жағдайда, жарналар басқа табыс түрлерінен төленбейді, егер тиісті жарна төленгенін растайтын құжат болса.

Мұндай құжат – жұмыс беруші немесе салық агенті берген, алынған табыс, есептелген және төленген жарна сомалары көрсетілген анықтама.

Аталған талаптар дербес төлеуші болып табылатын жеке тұлғаларға қолданылмайды.

Заң 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар