7,9 млрд теңге қайда кетті? Алматы облысының тұрғындары жолға бөлінген қаржыға алаңдаулы

Қаракөз Амантай 14 шіл. 2025 13:47

Алматы облысында әлеуметтік жағдай ушығып тұр. Халық Нарынқол мен Кеген ауылдарын жалғайтын шағын жолдың тағдырына алаңдаулы, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Письма Президенту телеграм арнасының мәліметінше, “ҚазАвтоЖол” ұлттық компаниясы бұл бағытты жөндеуге 7,9 млрд теңгеге тендер жариялаған.

“Жеңімпаз ретінде “Нұрлы Жол-7” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі анықталған. Алайда арада біраз уақыт өтсе де, жергілікті тұрғындар жол бойында ешқандай жұмыс басталмағанын айтып дабыл қағуда. Олар билік өкілдерінің құрғақ уәдесінен шаршағандарын жеткізді”, — дейді дереккөз.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы қаласының әкімдігі Өжет шағынауданы тұрғындарының Тілендиев көшесінің жобасын қайта қарау туралы талабына жауап берген еді.

"Тілендиев көшесінің бағытын өзгерту мүмкін емес, өйткені оның батыс жағында жол салуға болмайтын үлкен сай орналасқан. Жолдың қызыл сызықтарын шығысқа жылжыту жер телімдерінің бұрынғыдан да көп мөлшерде сатып алынуына әкеп соғады", – деп мәлімдеді әкімдік.

Шенеуніктердің айтуынша, "мемлекет қажеттілігі үшін жер телімдері олардың құқықтық негізіне қарамастан, нарықтағы бағамен сатып алынады".

Бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына сәйкес, Тілендиев көшесін Рысқұлов даңғылынан бастап қаланың шекарасына дейін ұзарту жоспарланған, жалпы ұзындығы – 10,8 шақырым.

Жоба екі кезеңге бөлінеді:

  • 1-кезең – Рысқұлов даңғылынан Дархан шағынауданындағы Сабатаев көшесіне дейін, 5,8 шақырым. Бұл кезеңде 165 жер телімі сатып алынады.

  • 2-кезең – Сабатаев көшесінен қала шекарасына дейін, 4,9 шақырым. Мұнда 392 жер телімі сатып алынуға тиіс.

Жуырда Алатау ауданының тұрғындары Алматының жаңа әкімі Дархан Сатыбалдыға ресми түрде үндеу жолдады. Олар Тілендиев көшесі салынуы салдарынан жалғыз баспаналарынан айырылып қалуы мүмкін екенін айтты.

Тұрғындардың сөзінше, бұл шешім ақылға қонымсыз, өйткені жолды басқа бағытпен де жүргізуге болады және жер телімдерін, үйлерді сатып алуға миллиардтаған теңге жұмсамауға болады.

"Біз мемлекет бюджетінен миллиардтаған теңгені үнемдеуді ұсынып отырмыз. ...Біз тоқтамаймыз, соңына дейін үйіміз үшін күресеміз. Өйткені көп қаржы жұмсалмайтын жерде миллиардтаған теңгені босқа шашу – бүкіл мемлекет мүддесіне қарсы шешім", – делінген тұрғындар жолдаған үндеуде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар