Қоспаев "бандасының" тағы бір іске қатысы бар болып шықты

Көркем Алдабергенова 14 шіл. 2025 16:42

Кәсіпкер Алмас Абдығаппаровтың анасы Esentai City кешеніндегі пәтерлермен байланысты алаяқтыққа Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобының қатысы бар деп мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

AV-Construction компаниясының директоры және кәсіпкер Алмас Абдығаппаровтың анасы Сәуле Жүнісбекова BES.media бас редакторы Серікжан Мәулетбайға берген сұхбатында өзі басқаратын компанияның жылжымайтын мүлік жобасына жасалған рейдерлік шабуыл, ұзаққа созылған қылмыстық қудалау және Esentai City жобасының күйреуі туралы айтты.

Сәуле Жүнісбекова айтқан эпизодтардың бірі – Ольга Абдығаппароваға тағылған 21 пәтерді ұрлау әрекеті туралы айып. Бұл пәтерлер AV-Construction компаниясына тиесілі болған.

Жүнісбекованың сөзінше, бастапқыда тергеу Ольга Абдығаппарованы 21 пәтерді иемденуге әрекет жасады деп айыптаған. Бұл пәтерлер атышулы қылмыс әлемінің өкілі Елдос Қоспаевтың жүргізушісі – Мәжітовтің атына алдын ала сату-сатып алу келісімшарты арқылы рәсімделген. Елдос Қоспаев Болат Назарбаевтың "оң қолы" ретінде белгілі.

Алайда, Жүнісбекова мәлім еткендей, пәтерлерге ақша төлеген Мәжітов емес, заңсыз алкоголь саудасына қатысы бар ұйымдасқан топ мүшесі Алексей Кузнецов болған. Ол 2023 жылдың 1 наурызында Солтүстік Кипрден Қазақстанға экстрадицияланған.

Сондай-ақ, ол "135-іс" (Қоспаевтың ОПГ-сі бойынша іс) аясында сот бұл пәтерлер заңсыз алдын ала келісімшарт арқылы рәсімделгенін және қаржы көлеңкелі айналымнан келгенін мойындағанын жеткізді.

Жүнісбекованың айтуынша, тергеу барысында Мәжітов өз адвокатының көмегімен мәмілеге қатысы жоқ екенін алға тартып, келісімшартты бұзу туралы талап қойған. Келісімдер бұзылған соң, пәтерлер AV-Construction компаниясының балансында қалған.

Соған қарамастан, Ольга Абдығаппароваға осы мүлікті ұрламақ болды деген айып тағылып отыр.

Алматыдағы Esentai City жобасын қолға алған AV-Construction компаниясы соңғы жылдары бірқатар даулы қылмыстық іске іліккен. Сәуле Жүнісбекова мұны бизнеске жасалған рейдерлік қысым деп бағалайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар