“Әкімге сұрақ қойғаны үшін мандатынан айырылды”. Жамбыл облысында депутат сот арқылы әділдікке жете алмады

Қаракөз Амантай 14 шіл. 2025 18:24

Жамбыл облысында сот бұрынғы мәслихат депутаты Дамир Ташқараевтың апелляциялық шағымын қарап, оны қанағаттандырмады. Ташқараев Amanat партиясы құрамынан шығарылып, депутаттық мандатынан айырылғаннан кейін, бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінген еді, деп хабарлайды Dalanews.kz Informburo.kz сайтына сілтеме жасап.

Мәселе маусым айында басталған. Мәслихаттың сессиясында Ташқараев Жамбыл облысының әкіміне тосыннан сұрақ қойып, баяндаманы кейінге қалдыруды ұсынып, Тараз қаласына қосылған 14 ауылдың тағдырына қатысты нақты жауап сұраған. Әкім кешірім сұрап, жиын жалғасқан. Алайда бірнеше күннен соң мәслихат хатшысы партияға хат жолдап, артынша депутат партиядан шығарылып, мандатынан айырылды. Облыстық филиалдың басшысы оны “хайп қуалады” және “партиялық этиканы бұзды” деп айыптаған.

Бұған дейін Тараз қалалық соты да Ташқараевтың талабын қанағаттандырмаған еді. Ал 14 шілдеде апелляциялық алқа судьясы Айнұр Кенжебекова бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды. Ол тараптарға шешімді бір ай ішінде қайта қарауға өтініш білдіру құқығы барын еске салды.

Ташқараев болса, өзіне жасалған әділетсіздікті дәлелдеу үшін күресті жалғастыратынын мәлімдеген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар