Микронесиелеу секторында төленбей жатқан заемдар үлесі артып, сарапшылар дабыл қақты

Кәмшат Тілеухан 14 шіл. 2025 13:09

Қазақстанның микронесиелеу саласында дабыл қағарлық жағдай орын алды. Жыл басынан бері мерзімі 90 күннен асқан несиелер көлемі бірден 25,4%-ға өсіп, сәуір айының соңында 126,8 млрд теңгеге жетті. Бұл – аталған сектордағы қиындықтың алғашқы белгілері. Салдарынан жалпы берілген несиелердің ішіндегі проблемалық қарыз үлесі 6,5%-дан 7,5%-ға дейін көтерілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Finprom.kz сарапшылары Ұлттық банк статистикасына сүйене отырып хабарлайды. Әсіресе, "жалақыға дейін" берілетін қысқамерзімді онлайн-қарыздар жанға бата бастады. Мұндай несие, әдетте 45 күнге дейінгі мерзімге және 166 мың теңгеге дейін (45 АЕК шегінде) беріледі. Бұрын шекті жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 179% деңгейінде бекітілгенге дейін, бұл несиелердің пайыздық мөлшерлемесі 2600%-ға дейін жеткен. Бірінші кредиттік бюро дерегінше, биыл жыл басында осы сегменттегі несиелердің жалпы көлемі 89,2 млрд теңгені құраса, оның 22,7%-ы – 90 күннен асып кеткен проблемалық қарыздар.

"Таяуда ғана 6 микронесиелік ұйымға қатысты тергеулер қоғамда үлкен резонанс тудырды. Нәтижесінде Creditum мен Sofi Finance лицензияларынан біржола айырылып, ал "Сәлем Кредит", Sf Offline, Hava Finance және POS Credit үш айға қызметін тоқтатты. Бұл қаржы дағдарысынан зардап шеккен азаматтар саны – 327 мың, келтірілген шығын 30 млрд теңгені құрайды. Қарапайым адамдарды қарыздың шырмауына түсірген бұл ұйымдар, келісімшарттағы жасырын комиссиялар арқылы несиенің өзін бірнеше есе қылып қайтаруды талап еткен", - дейді сарапшылар.

Проблемалық несие үлесі бойынша осы атышулы ұйымдар көш бастап тұр: POS Credit портфелінің 89,9%-ы, Hava Finance – 83,5%-ы, Sf Offline – 80,6%-ы, "Сәлем Кредит" – 77,3%-ы 90 күннен асқан мерзімге созылып кеткен. Осы қатарға Ath Finance (50%-дан астам) және Batys Kapital (42,6%) ұйымдары да қосылды. Соңғысының лицензиясы қазір үш айға тоқтатылған.

Жалпы Қазақстандағы барлық МҚҰ-лардың несие портфелі 2025 жылдың алғашқы үш айында 9,5%-ға артып, 1,7 трлн теңгеге жетті. Несие алғандардың 82,9%-ы – жеке тұлғалар (жеке кәсіпкерлерді қоспағанда). Бұл сектордың тұтынушылық несиеге қатты тәуелді екенін және диверсификация деңгейінің төмендігін аңғартады.

"Тағы бір назар аударатын жайт – жеке тұлғалар арасында 90 күннен асқан несие көлемі 8,2%-ға жеткен. Ал заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер арасында бұл көрсеткіш тиісінше 4,8% және 4,1% деңгейінде тұр. Яғни проблемалық қарыздар қарапайым халық арасында көбірек шоғырланған. Қазір Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банктің қаулысына өзгеріс енгізіп, МҚҰ-ларға күдікті клиенттерге несие беруден бас тарту немесе операцияларды тоқтата тұру құқығын беруді ұсынуда. Бұл шаралардың мақсаты – қаржы алаяқтығына тосқауыл қою. Бірақ бұл бастаманың қаншалықты тиімді болатынын уақыт көрсетеді", - дейді Finprom сарапшылары.

Бұған дейін сайтымызда еліміздегі банктерге клиенттерді онлайн тексеру кезінде биометрияны қолдану міндеттелгенін жазғанбыз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар