«Қазақстан темір жолы» енгізіп отырған шектеулер салдарынан отандық фермерлер өздерінің дәстүрлі экспорттық нарықтарынан айырылып, олардың орнын Ресей мен Өзбекстанның бәсекелестері басып келеді, деп хабарлайды Dalanews.kz ""-қа сілтеме жасап.
КТЖ «Сарыағаш» халықаралық өткелі арқылы жүк қабылдауға конвенциялық тыйым енгізді. Бұл өткел Қазақстанның Орталық Азия елдеріне: Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Ауғанстанға бағытталған астық экспортының негізгі арнасы. Алайда шектеу транзиттік тасымалдарға қолданылмайды. Соның нәтижесінде шетелдік экспорттаушылар қазақстандық өнім өндірушілер босатқан нарықтарды тез арада игеріп жатыр.
Сала өкілдерінің айтуынша, КТЖ кезең-кезеңімен енгізетін мұндай шектеулер ұн тарту кәсіпорындарын жарты қуатпен жұмыс істеуге мәжбүрлейді. Өндірушілер тұрақты және әлеуетті тұтынушыларынан айырылып, өндіріс жүктемесінің төмендігінен шығынға батады. Оған қоса вагондардың бос тұруы үшін айыппұл төлемек. Бұл ретте мемлекет те елеулі салық кірістерінен қағылып отыр.
Нәтижесінде, Қазақстанның астық және ұн өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігі төмендеп, экспорттық позициялары әлсірей түсуде.
