2026 жылы Қазақстанда студенттік спорт тарихындағы маңызды оқиға өтуі мүмкін. Елімізде студенттер арасындағы бокстан Әлем чемпионатын өткізу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұған дейін мұндай деңгейдегі дода Қазақстанда соңғы рет 2006 жылы өткен. Араға тура 20 жыл салып, әлемдік жарыстың қайта оралуы - еліміздің халықаралық спорт қауымдастығындағы беделінің артқанын көрсетеді, деп хабарлайды Dalanews.kz
Бұл бастаманы Халықаралық университеттер спорты федерациясы (FISU) көтеріп отыр. Ұйым Қазақстанның соңғы жылдары әлемдік деңгейдегі ірі спорттық шараларды жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізгенін ерекше атап өткен.
28 қарашада Қытайдың Макао қаласында өткен Азия университеттік спорт федерациясының Бас Ассамблеясына Қазақстан атынан Ұлттық студенттер спорт одағының президенті Қайрат Закирьянов қатысты. Жиында аймақтық университеттік спортты дамыту, жаңа ынтымақтастық стратегиялары және Орталық Азиядағы студенттік спорт жобаларын ілгерілету мәселелері талқыланды.
Қайрат Закирьяновтың айтуынша, Қазақстанда студенттер арасындағы бокстан Әлем чемпионатын өткізу туралы бастама - халықаралық ұйымдардың елімізге деген зор сенімінің белгісі.
«Бұл ұсыныс FISU мен өзге де халықаралық ұйымдардың Қазақстанға деген жоғары сенімін көрсетеді. FISU президенті Леонц Эдер еліміздің спорттық іс-шараларды ұйымдастыруда мол тәжірибесі бар екенін атап өтті. Мәселен, 2017 жылы өткен Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың жоғары деңгейде ұйымдастырылуы - соның айқын дәлелі», - деді ол.
Чемпионатты өткізу мәселесі WORLD Boxing халықаралық ұйымының қолдауымен талқыланып жатыр. Айта кетейік, аталған ұйымды әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Геннадий Головкин басқарады. Сарапшылардың айтуынша, ұйымның қолдауы жарыстың халықаралық мәртебесін арттырып, әлемнің үздік жас боксшыларының қызығушылығын күшейтеді.
Сонымен қатар, FISU Қазақстанда 2029 жылғы Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданы екінші рет өткізу мүмкіндігін де қарастырған. Бұл да халықаралық қауымдастықтың елімізге деген сенімінің жоғары екенін көрсетеді.
Егер шешім оң қабылданса, Қазақстан 2026 жылы әлемдік студенттік спорттың басты орталықтарының біріне айналуы ықтимал.
