Олжас Сүлейменов Нобель сыйлығына ұсынылды

Қаракөз Амантай 05 жел. 2025 15:38

Қазақстанның әйгілі ақыны, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ұсынылды. Бұл туралы «Байтақ» жасылдар партиясының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Бүгін Алматыда өткен «Байтақ» партиясының қалалық филиалының V конференциясында тарихи әрі маңызды шешім қабылданды. Партия төрағасы Азаматхан Әміртаев көрнекті қазақ жазушысы, қоғам қайраткері және «Невада–Семей» антиядролық қозғалысының негізін қалаушы Олжас Сүлейменовті Нобель сыйлығына ресми түрде ұсынғанын жариялады», – делінген хабарламада.

Партия өкілдерінің айтуынша, бұл бастама – Сүлейменовтің Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде бейбітшілік жолында атқарған еңбегіне берілген жоғары баға.

«Олжас Сүлейменовтің, әсіресе «Невада–Семей» қозғалысы аясындағы қызметі Семей ядролық сынақ полигонын жабуда шешуші рөл атқарды. Оның бастамалары мен Қазақстанның халықаралық аренадағы белсенді жұмысының арқасында АҚШ-тың Невада штатын қоса алғанда, бірнеше елде төрт ірі ядролық полигон жабылды. Бұл – жаһандық қауіпсіздікке қосылған зор үлес», – деп атап өтті партия мүшелері.

Азаматхан Әміртаевтың сөзінше, Сүлейменов – қазақ халқының рухани тірегі ғана емес, әлемге бейбітшілік үнін жеткізген бірегей тұлға. Сондықтан оны Нобель сыйлығына ұсыну – тарихи әділдік.

Партия өкілдері бұл бастама Қазақстанның халықаралық беделін арттырып, елдің бейбітшіл саясатындағы ұстанымын жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

Олжас Сүлейменов туралы

Олжас Сүлейменов – Қазақстанның халық жазушысы, Социалистік Еңбек Ерi (1991), Абай атындағы Қазақ КСР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты (1973). «Синие острова» поэмасы үшін берілген бұл марапаттан бөлек, ол Ленин комсомолы сыйлығының (1967), «Тарлан» сыйлығының иегері. «Барыс» орденінің I дәрежелі иегері, Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендері мен көптеген медальдың иегері.

1989 жылы әлемге әйгілі «Невада – Семей» антиядролық қозғалысын құрды. Бірнеше университеттің құрметті докторы.

Сүлейменов – «Земля, поклонись человеку» (1961, Ю. Гагаринге арналған), «Глиняная книга» (1969), «Аз и Я» (1975) секілді танымал туындылардың, «Аргамаки», «Солнечные ночи», «Повторяя в полдень» және басқа да көптеген жыр жинақтарының авторы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар