Тағы бір боксшы допинг дауына ілікті

Қаракөз Амантай 05 жел. 2025 17:18

Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов допинг ережесін бұзғаны үшін екі жылға спорттан шеттетіледі. Бұл туралы Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) атынан мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Шешім 2025 жылдың 18 қарашасынан 2027 жылдың 17 қарашасына дейін күшінде болады. Сонымен қатар спортшының 2025 жылдың 1 қаңтарынан бергі барлық нәтижесі жойылады.

Неге шеттетілді?

IBA-ның антидопинг ережелерінің 2.4-бабына сай, Бекбауов бір жыл ішінде үш рет орналасқан жері туралы мәліметті уақытында енгізбеген. Бұл антидопинг жүйесіндегі елеулі тәртіп бұзушылық саналады. Спортшы бұл фактілерді жоққа шығармай, шешімге қарсы шағым түсірмеген.

ITA-ның мәліметінше, бұл шешім IBA-ның 13.2.3-бабына сәйкес CAS-тың апелляциялық алқасына шағымдану арқылы қайта қаралуы мүмкін. Агенттік іс бойынша қосымша түсініктеме бермейтінін атап өтті.

Айта кетейік, Дулат Бекбауов — Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, халықаралық әуесқой турнирлердің қатысушысы. Ол 2022 жылғы Азия чемпионатының және 2023 жылғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық кәсіби боксшы Жәнібек Әлімханұлы да допинг дауына ілігіп, 6 желтоқсанда АҚШ-та өтетін Эрисланди Лараға қарсы чемпиондық жекпе-жегі тоқтатылған еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар