Қазақстанның Қаржы министрлігі бизнес үшін салықтарды кейінге қалдыру және бөліп төлеу рәсімін жеңілдететін жаңа тәртіп енгізді. Бұл туралы вице-министр Ержан Біржанов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның сөзінше, бұрын мұндай жеңілдікті алу үшін кәсіпкерлер банк кепілдігін ұсынуға немесе мүлікті кепілге қоюға міндетті болған. Осы талап берешегі бар көптеген салық төлеушілерге айтарлықтай кедергі келтірген.
"Біз кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндік бердік. Енді 1500 АЕК-ке дейін (шамамен 5,9 млн теңге) қарызы бар бизнес субъектілері мүлікті кепілге қоймай және банк кепілдігінсіз 1 жылға дейін салық төлеуді кейінге қалдыруға немесе бөліп төлеуге өтініш бере алады. Бұл олардың кепіл мүлкін бағалау, сақтандыру шығындарынан босатып, рәсімдеу уақытын айтарлықтай қысқартады", – деді Біржанов.
Кәсіпкерлер мұндай қолдауға өздеріне қарасты кез келген аудандық мемлекеттік кірістер департаменті арқылы өтініш бере алады.
