Жуырда Қапшағайда қайғылы жағдай болып, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің көз алдында қыз суға батып кеткен еді. Депутат осы жағдайдан кейін демалыс аймақтары мен жағажайлар жергілікті прокурордың, бұрынғы облыс әкімінің орынбасарының, аудандық полиция басқармасы басшысының, жергілікті депутаттың меншігінде екенін мәлімдеп, ашық тексеріс жүргізетінін жеткізді.
Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке қысқа мерзім ішінде елдегі барлық туристік бағыттың жағдайын ретке келтіріп, олқылық жіберген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартуды тапсырды.
Бір Қазақстаннан әлемнің түрлі еліндегі табиғат жауһарларының бәрі табылады. Дегенмен Қазақстанның туризм саласы неліктен әлі де ақсап тұр? Dalanews.kz "Лимон" туристік операторының негізін қалаушы Алмас Маратұлымен тілдесіп, саланың түйткілді мәселелерін талқылады.
Былтыр 13 маусымда Мемлекет басшысы Ақордада туризмді дамыту жөнінде кеңес өткізді. Жиында Президент еліміз географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасқанына, алуан түрлі табиғатымыз, бай әрі бірегей тарихи-мәдени мұрамыз бар екеніне қарамастан, туризм саласындағы әлеует толық пайдаланылмай отырғанын сынға алды. Сарапшы Алмас Маратұлы дәл осы жиынды еске алып, бір жылдай уақыт өтсе де айтарлықтай өзгеріс болмағанын жеткізді.
"Былтыр туризм туралы үлкен жиын өткізді. Бұл - тарихта болмаған жағдай, өйткені тек туризмге арнап, Ақордада үлкен жиын өтті. Бұл - сол кезде айтылған тапсырмалар, қазір айтып жатқан дүние жаңалық емес. Тапсырылған, айтылған дүниелер болатын, алайда бір жылда, көріп тұрғанымыздай, сол тапсырмаларын қайта айтып жатыр. Ол - инфрақұрылым, ол - қоқыс, ол - туристік нысандардың маусымға дайын болмауы", - дейді сарапшы.
Сондай-ақ, сарапшы министрліктің бұл бағыттағы жұмысына қатысты да пікір білдірді.
"Қаржысыз ешқандай мәселе шешілмейді. Оған бөлек министрлік ашсаң да, оған бөлек агенттік ашсаң да, қаржы бөлінбесе, мәселе шешілмейді. Ол бір. Екіншіден, қаржыдан бөлек мүмкіндіктер. Туризм министрлігінде туризмге байланысты ешқандай өкілеттік жоқ. Оның қолында ұлттық парк жоқ, оның қолында авиакомпаниялар жоқ, оның қолында демалыс базалары жоқ. Олар тек әдістеме дайындаумен айналысады, шынтуайтына келгенде. Қолыңда не қаржың, не өкілеттілігің болмаған кезде министрліктің немесе ұлттық компанияның қоғамдық қордан ешқандай айырмашылығы жоқ", - деді ол.
Қазақстандықтардың көпшілігі Қапшағай, Алакөл, Балқаш секілді бағыттарда қызмет көрсету сапасы, жалпы демалыс орындарының жай-күйі көңілге қонбайтынын жиі айтады. Алмас Маратұлы мұның бір себебі Қазақстандағы демалыс маусымы тым қысқа болуымен байланысты екенін жеткізді.
"Кәсіпкерге инфрақұрылым сияқты жағдайларды жасап берсе, қонақ үйін, демалыс орнын салып, мейрамхана, кафесін дайындап, жұмысын жасайды. Бірақ тоқ жетпей тұрса, жарығы жетпей тұрса, суы тартылмай тұрса, ол жерге ешқашан демалыс орнын, дұрыс қонақ үй сала алмайды. Өйткені кәсіпкердің оған шамасы жетпейді. Ал оны кім істейді? Оны әкімдік істейді, ал әкімдіктің, Қазақстандағы облыс әкімдерінің басты міндеті ретінде туризм тұрған жоқ. Біздегі туризм төрт маусым бойы жұмыс істейтін туризм болмағандықтан, үш айлық туризм үшін барлық инфрақұрылымды, барлық жағдайды жасауға, біріншіден, шамалары да жетпейді және бюджетте ондай қаржы қарастырылмаған. Сосын сервисті айтамыз, сервис неден пайда болады? Сервис сұраныстан пайда болады. Тоғыз ай демалып жатып, үш ай жұмыс істейтін қонақ үйдің күшті сервис, күшті тамақ, күшті кадрларға ақша құртуға шамалары жетпейді, өйткені Балқаш, Алакөл, Қапшағай үш ай жұмыс істейді. Олардың үш ай үшін бүкіл жағдайды жасап, әдемі сервис көрсетуге уақыттары да жоқ, өйткені сервис болса да, болмаса да адам келеді. Оған қоса адамдар суға түсетін уақыт - бір жарым, екі ай ғана", - дейді ол.
Алмас Маратұлы Қазақстанның Түркиядағыдай, Мысырдағыдай, Тайландтағыдай алты, жеті, сегіз, тоғыз ай турист келетіндей геоографиялық мүмкіндігі сай емес екенін айтты.
"Сондықтан кәсіпкерлерді "сервис нашар" деп кінәлауға болмайды. Олар өздеріне берілген бір, бір жарым, екі ай ішіндегі қысқа уақытта қаржы тауып, салған инвестицияларын қайтадан шығаруға талпынады", - дейді ол.
Сондай-ақ, сарапшы елдегі ішкі туризм салыстырмалы түрде жақсы дамып келе жатқанын айтты.
"Алакөлдегі жағдай тек бір аймаққа тән мәселе емес. Бұл жерде жаңа айтқан үш мәселе бар. Біріншіден, маусымның қысқалығы, екіншіден, министрліктің өкілеттілігі аздығы, сосын облыс әкімдерінің, жалпы облыстың туризмге акцент қоймауы, өйткені оларда ондай бюджет те жоқ. Оларда әлеуметтік мәселелер бар, қаланың ішіндегі, облыстың ішіндегі инфрақұрылым бар, ауылға газ кіргізу, ауылды жарықтандыру деген сияқты ең басты мәселелер бар. Ал демалыс деген ол күнде тұтынатын нан емес қой. Сондықтан облыс әкімдері оған соңғы көңіл бөледі. Басты міндет - әлеуметтік мәселелерді шешу. Сондықтан бұл жерде туризмді Қазақстандағы проблема деп қарастыруымыз да қажет емес.
Демалыс адамның қалтасына қарай. Кімде қандай жағдай бар, ол сондай жағдайда демала алады. Ал жалпы айтқан кезде, иә бізде кішкене олқылықтар бар, жетіспеушіліктер бар. Бірақ ішкі туризмде жүрген 9 жылдың ішінде ішкі туризм бізде өте жақсы қарқынды дамып келе жатқанын айтқым келеді. Шарынның жолдарынан, Көлсайдың жолдарынан, Шарын шатқалындағы сервистен, Божыраға салынайын деп жатқан инвестициядан немесе қазіргі Шығыс Қазақстанға салынайын деп жатқан инвестициялардан мұны байқауға болады. Сұраныс бар. Кәсіпкер сұраныс болған жағдайда ақшасын салады. Кәсіпкер тек пайда табуды ойлайды. Меніңше, 8-9 жылдың ішінде өте жақсы дамып жатыр және шетелдермен, Қытаймен, Үндістанмен жасалған визасыз режимнің арқасында сыртқы туристтердің де саны артып жатыр", - дейді ол.
Сарапшының пікірінше, сервис, инфрақұрылым - оның барлығы уақыт өте келе түзелетін нәрселер.
"Туризм экономиканың драйвері болады дегенге сенбеймін, өйткені бізде маусым қысқа, инфрақұрылым өте нашар, туристік орындарымыз негізгі қала орталықтарынан, облыс орталықтарынан өте шалғайда орналасқан. Ол жердің бәріне инфрақұрылм тарту өте көп бюджетті талап етеді және қашан нақты бітетіні де белгісіз. Сондықтан қазір туризм нашар деп айта берудің де қажеті жоқ. Белгілі бір деңгейде білім беру, спорт, медицина сияқты салалар секілді бір қалыпта дамып келе жатыр. Егер біз бүкіл мәселені шешіп тастап, басты проблемамыз ретінде туризм ғана қалатын болса, онда басқа әңгіме. Дәл қазір Бурабайдамын, былтырға қарағанда әлдеқайда қоқыс жәшіктері көбейген, осы сияқты мәселелер шешілген. Туризм аймақтарда, шалғай жерлерде шешіледі. Сондықтан бұл жерде негізгі фактор - әкімдік. Негізгі фактор - сол әкімдіктердің қызығушылығы, негізгі фактор - сол әкімдердің ниеті. Әкімнің ниеті болса, жағдай жасайды. Жерді де береді, инфрақұрылымын да тартып береді. Ал әкімнің басты проблемасы жұмыс орындарын тауып беру, мектеп салу деген сияқты мәселелер болса, ол туризмге соңында, уақыты болған кезде қарайды", - деді ол.
Алмас Маратұлы Президенттің Үкіметке берген тапсырмасына қатысты да пікір білдірді.
"Президент Үкіметке қатаң тапсырма бергені күлкілі естіледі, өйткені былтыр Ақордада берілген тапсырма биыл берілген тапсырмадан қаншалық қатал екенін білмеймін. Адамдар жауап беруі керек, облыс әкімдері орнынан кетуі керек. Мысалы Алакөл Жетісу облысы ма? Жетісу облысының басшысы орнынан кетсін. Қапшағай Алматы облысы ма? Алматы облысының басшылығы орнынан кетсін. Немесе әкімнің туризмге жауапты орынбасары орнынан кетсін. Сондай шаралар арқылы ғана қатаң тапсырма қатаң болып көрінеді. Ашық көрсету керек. Жауапты адамдар қызметінен кетуі керек және не үшін кеткені жазылуы керек. "Мысалы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қапшағайда болған оқиға үшін орнынан кетті" деуі керек. Міне сол кезде басқа әкімдер "осындай жағдай болса, мынандай болады екен ғой, демек ондай жағдайды болдырмауға тырысайық" деп әрекет етеді", - деп түйіндеді сарапшы.