25 қазан – Республика күні мерекесіне орай Қонаев қаласының Орталық алаңында үлкен мерекелік шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz
Кешкі бағдарлама сағат 17:00-де басталып, танымал эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтті. Қонаев қаласының тұрғындары мен қонақтарына Esko, Ray және Нұрсұлтан Нұрбердиев сияқты танымал эстрада жұлдыздары мерекелік кеш сыйлады.
Кештің басты сәні – Алматы облысында алғаш рет өткізілген дрон-шоу болды. Кешкі аспанда жүздеген дрон көтеріліп, жарық арқылы түрлі бейнелер мен композициялар жасады.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, биыл еліміз Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуын атап өтуде. Бұл тарихи құжат – қазіргі Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу жолының бастауы.
«Республика күніне орай өңірде жүздеген мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Олардың қатарында бизнес қауымдастығының өкілдерімен кездесулер, жастарға арналған экскурсиялар, форумдар мен конференциялар бар. Ал 25 қазанда Қонаев қаласының Орталық алаңында күндізгі және кешкі концерттер өтіп, мерекенің шарықтау шегі ретінде ерекше дрон-шоу ұсынылды. Бұл іс-шара демеушілердің қолдауымен өткізіліп, тұрғындар мен қонақтарға тамаша сыйлық болды», – делінген әкімдік хабарламасында.
