2025 жылғы 10 маусымда Ғылым ордасында парсы тілін оқыту курсын сәтті аяқтаған қатысушыларға салтанатты түрде сертификат табысталды. Аталған курс «Ғылым ордасы» РМК мен Алматыдағы Иран Ислам Республикасының Бас консулдығы жанындағы Мәдени орталық арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылды,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Сертификат табыстау рәсіміне «Ғылым ордасы» РМК Бас директоры Ұлар Мұқажанов, директордың орынбасары Азамат Нұршанов, Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Сона Ахмади, Бас консулдық жанындағы Мәдени өкілдіктің басшысы Хоссейн Ақазадэ, сондай-ақ мекеме қызметкерлері қатысты.
Іс-шараның ашылуында Ұлар Мұқажанов курсқа қатысушыларды құттықтап, Қазақстан мен Иран арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды.
«Жақында Ғылым ордасы мен Иран елі арасында әріптестік орнатылып, сирек кітаптар мен қолжазба деректерді реставрациялау және консервациялау салаларында кәсіби тәжірибе алмасу, ғылыми зерттеулер жүргізу, кадр даярлау бағытында меморандумдарға қол қойылды. Бұл бастамалар халықаралық мәдени ынтымақтастықты тереңдетіп, Ғылым ордасының қызметін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Сонымен қатар, мекеме қызметкерлеріне тегін тілдік курстар ұйымдастырылып, олардың кәсіби әлеуетін арттыру, тәжірибе алмасуға жағдай жасау көзделіп отыр. Бұл қадам Қазақстан мен Иран арасындағы рухани байланысты нығайтуға тың серпін беретіні сөзсіз», – деді Ұлар Мұқажанов.
Иран Ислам Республикасы консулдығының өкілдері Сона Ахмади мен Хоссейн Ақазадэ Қазақстан мен Иран арасындағы мәдени және білім беру салаларындағы ынтымақтастықтың тұрақты түрде дамып келе жатқанын айтты. Олар Ғылым ордасы басшылығына иран мәдениеті мен парсы тіліне көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдіріп, бұл мекеменің екі ел арасындағы рухани байланысты нығайтатын алтын көпірге айналғанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, алдағы уақытта да осы бағыттағы бірлескен бастамалардың табысты жалғасын табатынына сенім білдірді.
Курс тыңдаушылары көрсетілген қолдау мен мүмкіндіктер үшін Иран Мәдени орталығы мен Ғылым ордасына алғыстарын білдіріп, парсы тілінде өлеңдер оқып, «Эй Иран» және «Буйе джуие мулион ойәд һами» атты әндерді орындады.
Айта кету керек, Ғылым ордасы қызметкерлердің кәсіби және зияткерлік дамуын қолдау мақсатында ағылшын, түрік және парсы тілдерін үйрететін тегін курстарды тұрақты түрде ұйымдастырып келеді.