Талғат Ермегияев мерзімінен бұрын босап шыға ма? Сот шешім шығарды

Қаракөз Амантай 14 шіл. 2025 14:51

“Астана ЭКСПО-2017” ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға өтініш бергенімен, Алматы қаласының Алатау аудандық соты оның бұл талабын қанағаттандырмады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Экс-шенеунік 15 жылға бас бостандығынан айырылып, бүгінде жазасының 9 жылын өтеген. Бұл жалпы мерзімнің үштен екі бөлігін құрайды. Осыны негізге алған Ермегияев шартты түрде босатуға ниет білдірген.

Сот отырысында жазасын өтеу мекемесінің өкілі Ермегияевтің тәртіпті тұтқын екенін атап өтті. Ол ішкі ережелерді бұзбаған, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан және отбасы байланысын үзбеген. Сондай-ақ сегіз мәрте марапат алып, үшінші деңгейлі оң мінез-құлық санатына енген.

Адвокаттарының айтуынша, Ермегияев қоғамға ешқандай қауіп төндірмейді және тіпті пайдалы болуы мүмкін. Бұрынғы басшы мемлекетке келтірілген залалды ішінара өтеп, 935 миллион теңгеден астам қаржыны қайтарған.

Дегенмен прокурор өтінішті қолдаудан бас тартып, залалдың толық өтелмегенін және шығынды жабуға нақты қадам жасалмағанын алға тартты.

Нәтижесінде сот Ермегияевтің мерзімінен бұрын босатылуына рұқсат бермеді. Аталған шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін 14 жылға бас бостандығынан айырылған бұрынғы ұлттық компания басшысы Талғат Ермегияевтің ұлы – Мәди Ермегияев жұртшылыққа және мемлекет басшысына үндеу жасаған еді.

Мәди Ермегияевтің айтуынша, отбасы он жыл бойы әділет іздеп, үмітпен өмір сүріп келеді.

“Әкем ұрлық жасап байыған жоқ. Керісінше, ол мемлекет қаржысын қорғауға тырысқаны үшін сотталды. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «ақ қағазға қара сиямен жазылған шындықты қызыл тілмен көміп тастай алмайсың». Біз бүгін сол шындықты ашу үшін жиналдық. Әкем осы уақыт ішінде туған-туыстарынан жырақта, темір тордың ар жағында өмір сүрді. Балаларының балалық шағы мен немерелерінің дүниеге келу сәттерін көре алмады1, – деді ол.

Мәди анасының денсаулығына алаңдаулы екенін де айтты.

"Анамыз ұзақ жылдан бері сирек кездесетін аутоиммунды аурумен – төртінші дәрежелі өкпе саркоидозымен күресіп келеді. Бұл дерт оған күйзелістің салдарынан келген. Соңғы екі жылда ол тек оттегі аппаратымен тыныс алып, күн сайын өкпенің жұмысын қолдайтын гормоналды дәрілер ішіп жүр. Ол күн сайын күйеуінің бостандыққа шығып, отбасына оралғанын тілеп, дұға етеді. Әкемнің ата-анасы да жасы келіп қалған шақта жалғыз ұлын тағатсыздана күтіп отыр. Олар үмітін үзбей, оның аман-есен оралуын күтуде. Әкем 14 жылдық жаза мерзімінің 10 жылын өтеп үлгерді. Ол заңды қорғауды таңдады, үнсіз қалған жоқ. Мемлекет мүддесі үшін әрекет етті. Алайда оның әрекеті үшін оған қысыммен қолдан жасалған айып тағылды. Енді бізде шындық пен әділеттілікке бастар нақты бір қадам жасауға мүмкіндік бар — дәлелсіз, қисынсыз, шындыққа жанаспайтын істі қайта қарау", – деді Мәди.

Мәди Ермегияев әділет – тек бір отбасының ғана күресі емес екенін атап өтті.

"Президентіміз айтқандай, жаңа Қазақстан – бұл ең алдымен әділетті Қазақстан. Бұл – бір отбасының ғана емес, барша халықтың әділетке деген сенімінің сынағы. Сондықтан да бей-жай қарамайтын барша азаматтарға үндеу жасаймын: бұл істі зерттеңіздер, бөлісіңіздер, айтып жүріңіздер. Себебі әділет үшін үнсіздік – әділетсіздікке серіктес болу деген сөз. Әкемнің бостандыққа шығуы – тек отбасымыздың арманы емес, бұл елдегі әділдіктің орнауына жасалған нақты қадам болады.

Мәди Ермегияев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы үндеу жасап, көмек сұрады.

"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мен, Ермегияев Мәди, сізге ел Конституциясының кепілі ретінде жүгінемін. Әкем Талғат Ермегияев жазықсыз он жылға жуық уақыт түрмеде отыр. Осы жылдар бойы ол отбасымен бірге бола алмады: балалары өсті, немерелері дүниеге келді, ата-анасы қартайды, анамыз ауыр дертке шалдықты. Сіздің әділет пен адамгершілікке негізделген ұстанымыңыз үшін алғыс айта отырып, осы іске назар аударып, әділ шешім шығаруға ықпал етуіңізді сұраймын", – деді ол.

Айта кетейік, 2016 жылдың тамызында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соты «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияевті 14 жылға бас бостандығынан айырған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар