Астана тұрғындары улы зауыттың жұмысына шағымданып, шенеуніктермен кездесті

Қаракөз Амантай 14 шіл. 2025 12:11

Астана тұрғындары бірнеше жылдан бері қаланың Промышленный тұрғын алабында орналасқан силикат зауытына қарсы күресіп келеді. Олардың айтуынша, өндіріс ошағының зиянды қалдықтары ауаны ластап, тыныс алу ауруларының көбеюіне себеп болып отыр,деп хабарлайды Dalanews.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

Зауыт 2014 жылы іске қосылған. Содан бері ол ауаны шаң мен газ тәрізді қалдықтармен ластап келген. Тұрғындардың айтуынша, түтін кешкі және түнгі уақытта шығып тұрған, ал кейінгі кездері күндіз де байқалып жатыр. Осы уақыт аралығында 30 мыңға жуық адам иіске шағымданып, астма секілді аурулардың жиілегенін айтқан. Тіпті, зауытқа жақын маңда мектеп пен парк те орналасқан.

2022 жылы "Қаңтар оқиғасынан" кейін зауыт жұмысы уақытша тоқтап, өндіріс орнында цехтар пломбаланған. Астана әкімдігі мен Экология министрлігі сот арқылы "Экобетон" компаниясының қызметін мәжбүрлі түрде тоқтатуға қол жеткізген. Компанияға өтемақы төленіп, басқа жер ұсынылғанымен, олар көшуден бас тартқан.

Алайда 2024 жылдың соңына қарай тұрғындар зауыттан тағы да түтін шығып жатқанын байқаған.

2025 жылы 13 шілдеде Промышленный тұрғындары жиналып, аудан әкімдігін аулаға шақырды. Кездесуге полиция қызметкерлері де келді. Сарайшык ауданы әкімінің орынбасары Қуаныш Орынбектің айтуынша, зауыт өкілдері Жоғарғы соттан жеңіп шыққан.

"Біз оларды көшіруді ұсынып отырмыз. Бірақ зауыт басшылығы келіспей отыр. Олар 18 наурызда да, 10 шілдеде де сот отырысына келмеді. 23 шілдеде тағы бір тыңдау өтеді. Бұл жолы талап-арызды Құрылыс басқармасы түсіріп отыр", – деді Орынбек.

Тұрғындар зауыт иелерінің заңды белден басып, айыппұл төлеп қана құтылып жатқанын айтып наразы.

"100 мың теңге төлеп, әрі қарай жұмысын жалғастырып жатыр. Бұл әділетсіздік", – деді жиналғандардың бірі.

Азаматтар зауыттың тұрғын үй маңынан көшірілуін талап етуде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар