"Тағдырым қыл үстінде тұр": Перизат Қайрат сотта көзіне жас алды

Көркем Алдабергенова 14 шіл. 2025 17:21

Перизат Қайрат пен анасы Гайни Алашбаеваға қатысты 3,5 миллиард теңге жымқыру ісі бойынша өтіп жатқан сот отырысында айыпталушы куәларға белсенді түрде сұрақ қойып, кей сәтте толқығаны байқалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Куәгер ретінде сотта Сергей Матюшенко сөз сөйледі. Ол – волонтерлікпен айналысқан әрі Қайрат құрған «Biz Birgemiz Kazakhstan» ұйымының құрылтай құжаттарында көрсетілген тұлға. Бүгінгі тыңдалым барысында Матюшенко құжаттардың біріне қол қоймағанын мәлімдеді. Осыдан кейін сот залында эмоциялық диалог орын алды.

– Екінші хаттамаға шынымен қол қоймағаныңызды растайсыз ба? – деп сұрады Перизат Қайрат.

– Растаймын, – деп жауап берді куәгер.

– Өтірік айтып тұрған жоқсыз ба? – деді айыпталушы дірілдеген үнмен.

– Жоқ, өтірік айтпаймын, – деді Матюшенко.

– Түсінесіз бе, бұл жерде менің тағдырым шешіліп жатыр, – деді Перизат көзіне жас алып.

– Перизат, мен хаттаманы өз көзіммен көрдім. Онда менің қолым жоқ, – деп жауап берді куәгер.

Осыдан кейін судья айыпталушыға ескерту жасап, куәларды қысым арқылы өзіне тиімді жауапқа итермелеуге болмайтынын еске салды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар