Қостанайдан Жезқазғанға 2025 жылдың мамырында көшіп келген көпбалалы ана Әсел Айтмағамбетова әлеуметтік желіге аймақтағы әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерді көтерген бірнеше бейнежазба жариялаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Өзінің видеоларында ол ауыз судың сапасыздығын, өңірде онколог дәрігердің жоқтығын, инфрақұрылымның нашарлығын, жұмыссыздық пен еңбекке орналасудағы жемқорлықты ашық сынға алған. Әсіресе, Жезқазғандағы облыстық көпсалалы аурухананың мүшкіл күйін ерекше атап көрсеткен.
Бейнежазбалар жарияланған соң, 18 маусым күні Әселді полиция басқармасына шақырып, «түсіндіру жұмыстарын» жүргізген. Кейін белгілі болғандай, облыс әкімі көпбалалы ананы әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат таратты деп сотқа берген. Сот әкімнің шағымын негізді деп танып, Әсел Айтмағамбетованы 495 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттеді.
Айтмағамбетованың өзі бұл айыпты «аймақтағы өзекті мәселелерді ашық жеткізгені үшін жасалған қысым» деп бағалап отыр. Әлеуметтік желі қолданушылары мен қоғам белсенділері де әкімнің әрекетін азаматтық пікір білдіру құқығын шектеу деп қабылдады. Қазір әлеуметтік желіде көпшілік Әселді қолдап, әкімдік әрекетіне наразылық білдіруде.