Перизат Қайрат жымқырған ақшасын заңдастыру үшін тағы бір танысын пайдаланған

Көркем Алдабергенова 14 шіл. 2025 15:09

Астанадағы сотта прокурорлар Перизат Қайраттың су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға көмек ретінде жиналған ақшаны қалай иемденгені жөніндегі тергеу нұсқасын жария етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Табиғи апат салдарынан қоғамда хаос пен эмоциялар белең алып жатқан тұста адамдар алдауға бейім болатынын түсіне отырып, Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаева өзге адамдармен алдын ала сөз байласа отырып, қайырымдылық көмек көрсету сылтауымен халықтың сенімін теріс пайдаланып, ақшалай қаражатты алаяқтық жолмен жымқыру туралы жаңа қылмыстық ниетке барған", – деді прокурор Арман Кезекен.

Перизат Қайрат осы сылтаумен 2,8 млрд теңге қаражат жинаған. Тергеу нұсқасына сай, соның 1,9 млрд теңгесін айыпталушылар жеке мақсатқа жұмсаған, ал 920 млн теңге ғана шынымен зардап шеккендерге көмектесу үшін пайдаланылған.

Прокурордың айтуынша, қаражатты заңдастыру үшін Перизат Қайрат келесі жоспарды жасаған:

  • Қордың ақшалай қаражатын қолма-қол ақшаға айналдыра алатын жеке кәсіпкерлерді тарту;
  • Қаражатты Қытайдан тауарлар, киіз үйлер, арнайы киім жеткізу жөніндегі жалған мәмілелер түрінде жеке кәсіп шоттарына аудару;
  • Осы қаражатқа мүлік сатып алу;
  • Мүліктің бір бөлігін Алашбаеваның және аты аталмаған туысының атына рәсімдеу.

Прокурордың сөзінше, бұл жоспарын іске асыру үшін Қайрат таныс кәсіпкерлерге жүгінген, бірақ оларды өз қылмыстық ниетіне толықтай қанық қылмаған. Қолма-қол ақшаға айналдырғаны үшін жеке кәсіп өкілдері аударым сомасынан 3–4,5% мөлшерінде сыйақы алған. Қаражат салық төлеу шегіне ілінбеу үшін 20 мың АЕК-тен (шамамен 73 млн теңге) аспайтын сомаларға бөлінген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар