Зейнетақы активтерінің инвесттабысын "жеп жатқан" не нәрсе немесе кім?

Кәмшат Тілеухан 29 мам. 2025 12:52

2025 жылдың басынан бастап ай сайынғы БЖЗҚ-ның инвестициялық кірісі минуста болып келеді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы активтердің кірістілік деңгейі 2025 жылдың төрт айында -1,05% -ды құрады. Оған қоса, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары бойынша кірістілік  -5,94% деңгейінде теріс сипатта қалыптасқан. 1 мамырдағы жағдай бойынша, БЖЗҚ активтерінің нақты кірістілігі минус 6,15%-ды құрады. Ақшалай алғанда, жыл басынан бері қор салымшылары шамамен 231,54 млрд теңгені жоғалтқан. Жалпы, бұл құбылыс нені білдіреді? Көптің зейнет жинағына инвестиция сипатында сүлікше ауыз салғандар кімдер? Табыс әкелмейтін мұндай инвестицияларға кімдер жауапты? Сарапшылар пікірі бұл ретте қандай? Dalanews.kz осы сауалдарға жауап іздеп көрді.

Зейнетақы активін басқарушылар кімдер?

Негізінен, халықтың табысынан міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) түрінде ұсталатын ақшалар ай сайын БЖЗҚ-ға келіп түсіп отырады. Ал онда қордаланған қаражат бірқатар қаржы институттарына тиімді басқаруына берілген. Атап айтқанда, Ұлттық Банк (99% немесе 22 трлн 333 млрд теңге),  "Halyk Finance" АҚ (37,95 млрд теңге), "Jusan Invest" АҚ (11,40 млрд теңге), "Halyk Global Markets" АҚ (5,30 млрд теңге), BCC Invest" АҚ (5,94 млрд теңге), "Сентрас Секьюритиз" АҚ (2,19 млрд теңге). Бұл арада жақшада келтірілген цифрлар осы қаржы инститтарының басқаруына берілген зейнетақы жинағы активтерінің көлемі болып табылады. Өздеріңіз көріп отырғандай, зейнетақы жинағы ақшасының басым бөлігі Ұлттық Банктің еншісінде. Есептерге сүйенсек, басқару жағынан тиімділік көрсете алмай, оңбай сүрініп жатқан да осы орталық банк болып табылады.

Инвестициялық қоржынды басқарушылардың 2025 жылдың 1 мамырдағы көрсеткіші (жыл басынан бастап) 

Зейнетақы активтерін басқарушылар

Номинальды кірістілік, %

Нақты кірістілік, %

Басқарудағы қаражат көлемі (01.05.2025 жағдай бойынша), млрд теңге

BCC Invest

4.02

-1.08

5.94

Centras Securities

2.32

-2.78

2,2

Halyk Global

1.62

-3.48

5.3

Jusan Invest

1.38

-3.72

11,4

Halyk Finance

0.45

-4.65

37,95

ҚР Ұлттық Банк (МЗЖ/ЕЗЖ)

-1.05

-6.15

22 333.3

ҚР Ұлттық Банк (МКЗЖ)

-5.94

-11.04

323,7

Дереккөз: БЖЗҚ, 2025 ж.

Сарапшылар "Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса" деп Ұлттық Банктің инвестиция жасаудағы кейбір шешімдері салымшылар емес, Үкіметтің жеке мүддесіне сай жасалатынына қынжылыс білдіреді. 

БЖЗҚ ақшасын алып, қайтармай жүрген қай компаниялар? 

Негізінен, екінші ай минусқа кеткенде Ұлттық Банк пен БЖЗҚ өкілдері ел алдына шығып, өз-өздерін ақтаған. Олардың айтуынша, ай сайынғы инвестициялық кірістегі минус  жалпы жағдайды көрсете алмайды. Мұндай тұжырымды жыл соңындағы көрсеткішке қарап айту керек екен. Көп ұзамай, сәуірде "БЖЗҚ" АҚ проблемалы эмитенттерден зейнетақы активтерін қайтару бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын жариялады. Сөйтіп оншақты эмитенттермен қормен арада сот процесі жүріп жатқаны белгілі болды. Қор ұсынған мәліметке сәйкес, проблемалық эмитенттер – бұл қаржы құралдары бойынша дефолтқа жол берген және олар бойынша өз міндеттемелерін орындауды тоқтатқан компаниялар. Мұндай жағдайда инвесторлар төлемдерді белгіленген күннен кешіктіріп алуы немесе оларды толығымен жоғалтуы мүмкін. Проблемалық активтердің негізгі бөлігі БЖЗҚ-ға 2014 жылы барлық зейнетақы активтерін біріктіру шарасы аяқталғаннан кейін өтті. Осылайша 2025 жылғы 15 сәуірдегі жағдай бойынша бағалы қағаздар және екінші деңгейлі банктердегі (ЕДБ) салымдар бойынша борыштарды қоса алғанда, 15 проблемалы эмитенттің берешек зейнетақы активтерінің қалған жалпы сомасы 61,61 млрд теңгені құрады.

БЖЗҚ жариялаған қарыздар 10 компания ішінде Нұрбанктің де аты аталады.  Қор 2024 жылдың соңында аталған банкті сотқа берген. Онда да  2022-2023 жылдары артықшылыққа ие акциялар бойынша дивидендтер төлеуді талап еткен. Талап қою сомасы - 240,8 млн теңге және өсімақы - 25,8 млн теңге.

БЖЗҚ ақшасын қайтармай жүрген Нұрбанк, мәселен дефолт компаниялар қатарынан емес. Керісінше, Нұрбанктің 2022 жылғы табысы  5,7 млрд теңгені, 2023 жылы 7,7 млрд теңгені, 2024 жылы 13,2 млрд теңгені құрайды. Табысты банк қожайыны олигарх Рашит Сәрсеновтың ұлы Эльдар Сәрсенов болып табылады.

БЖЗҚ квазимемлекеттік сектордың сауын сиыры ма?

Ал тың мәліметтерге келетін болсақ, сәуір айында зейнетақы қорының 107 млрд теңгесі квазимемлекеттік сектордағы "Бәйтерек" және "Отбасы Банкі" ҰБХ-ның бағалы қағаздарына инвестицияланған. Атап айтқанда, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ облигацияларына жылдық 16,91% орташа кірістілікпен 72, 15 млрд теңге инвестицияланды. Сондай-ақ "Отбасы Банкі" АҚ бағалы қағаздарына жылдық 16,5% орташа кірістілікпен 34,98 млрд теңге салынды. Онда да кейбір ипотекалық бағдарламасына биылғы мемлекеттік бюджетте қаржы қарастырылмаған аталған банк мұндай трансштан әлі де мүдделі. Кері қайтара сатып алу шарттары бойынша кері "Bank RBK" АҚ-ның бағалы қағаздарына 20,27 млрд теңге зейнетағы активі жұмсалған. Сәуір айында 541,29 млрд теңгеге Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары және 171,84 млрд теңгеге АҚШ мемлекеттік бағалы қағаздары сатып алынды.

Ұлттық Банк БЖЗҚ ақшасын валюта нарығындағы құбылмалықты реттеу үшін жұмсауын доғаруы керек - сарапшы

Жалпы, қордың минусқа кетуі себебі ретінде еліміздегі жоғары инфляция, мемлекеттік бағалы қағазардың арзандауы, ұлттық валюта бағамының нығаюы алға тартылады. Соңғысына келсек, сарапшылар Ұлттық Банктің қазақстандықтардың зейнетақы қаражатына доллар сатып алатынына таңмен қарайды. Иә, Ұлттық Банк бюджет тапшылығын жабу үшін ай сайын Ұлттық қордан белгілі бір соманы валюта түрінде алып, оны валюта нарығына орналастырады. Нарықта доллар ұсыныстары тым көп болып кетпес үшін, екінші жағынан, Ұлттық банк БЖЗҚ үшін валюта сатып ала бастайды. Осылайша, ол валюта нарығындағы күрт өзгерістерді тегістеуге тырысады.

Алайда,экономист Мұрат Темірхановтың айтуынша, БЖЗҚ ақшасына АҚШ долларын жоғары бағаммен сатып алу (қымбат кезде) қор салымшыларының мүддесіне еш сай келмейді.

Темірханов Ұлттық Банк теңге бағамын басқару үшін БЖЗҚ қаражатын пайдалануды доғаруы керек деп санайды. Оның пікірінше, Ұлттық банк бұл үшін өзінің интервенцияларын пайдалануы тиіс.

"Қазақстанның валюта нарығы көлемі жағынан шағын және дамыған деп ауыз толтырып айтуға келмейді. Сондықтан елімізде теңге бағамының еркін қалыптасу жағдайы мүмкін емес. Нарықтағы мәмілелердің көпшілігін бес қатысушы, оның ішінде Ұлттық Банк жасайды. Нарықтың төмен өтімділігі, қатысушылардың мардымсыздығы мен біртектілігі, сондай-ақ туынды құралдар нарығының дамымауы валюта нарығында Қазақстан биржасында валютаға деген сұраныс пен ұсыныс арасында үнемі үлкен теңгерімсіздік туындайтынын танытады, бұл міндетті түрде нарықтағы теңге бағамының жоғары құбылмалылығына әкеліп соғып отырады", - дейді  сарапшы.

Ұлттық қор, БЖЗҚ және "Самұрық-Қазынаны" біріктіру керек - сарапшы

Экономикалық сарапшы, мұнай саласының маманы Олжас Байділдинов, тіпті Ұлттық қор, БЖЗҚ және "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқатын қорын біріктіруді ұсынады. Оның пікірінше, Ұлттық қор түгесіліп барады, ал БЖЗҚ-ны басқарушылар өз қызметі барысында тиімді жұмыс көрсете алмады, "Самұрық-Қазына" ел экономикасындағы рөлін дұрыс атқара алмай жатыр.

"Соңғы жылдары Ұлттық қорға түскеннен алынған қаражат көп. Сондықтан мұндағы ақша "жұмсау режиміне" қосылған.  Ал 2030 жылға дейінгі қор активтерін басқару тұжырымдамасына сәйкес, оның құрылымы мынандай болуы керек: 60% - бағалы қағаздар, 30% - акциялар, 5% -  балама құралдар және тағы сондай көлемде алтын. Ал қазіргі Ұлттық қордың құрылымы, тіпті көрсетіліп жүрген цифрларға да сай келмейді. Өйткені ондағы ақша ашық түрде, жасырын түрде болсын, бюджет тапшылығын жабуға жұмсалуда, яғни инвестиялық кіріс әкелуге емес. Сондықтан қор активтеріне ревизия жүргізілуі тиіс. Өйткені Қазақстан мен әлем жоғары бағадағы шикізаттар суперциклінен өтіп барады. Бұл Ұлттық қор бұдан былай бұрынғы көлемдегі табыспен толықпайтынын білдіреді. Бұл – біріншіден", - дейді ол.

Екіншіден, оның айтуынша, БЖЗҚ ақшасын басқарушылар өз функциясының тиімділігін таныта алмады.

"БЖЗҚ-ның соңғы 10 жылдағы орташа жылдық нақты кірістілігі небәрі 1,2%-ды құрады (ресми инфляцияны шегергендегі номиналды кірістілік). Бұл ретте жыл басынан бері зейнетақы қоры бағалы қағаздарды бағалау әдіснамасына байланысты минуста келеді (І-тоқсанда минус 447 млрд теңге және 4 айда 1,3 трлн теңге). Яғни, қазіргі уақытта активтердің нарықтық құны әлемдік баға ауытқуларына байланысты "ойнақтап тұр", алайда бұл БЖЗҚ-да қордаланған проблемалардың барлығын сипаттамайды. Қарап тұрсақ, БЖЗҚ қаражаты  инфрақұрылымдық объектілер, энергетика және "Самұрық-Қазына" қорының ұзақмерзімді жобаларына салынады. Ал 9 жылдан кейін шамамен БЖЗҚ-ның 25% салымшысы зейнетке шығады, олар да зейнетақы жүйесіне 12-14 жыл бойына "салмақ болмақ". Бұл бетімен ондайда БЖЗҚ-ның өзіне мемлекет ақшасы керек болып қалады. Жалпы, Ұлттық қорда да, БЖЗҚ активтерінің құрылымында да "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ-ның бағалы қағаздары, акциялар бар. Яғни, бұл үшеуі бір-бірімен біте қайнасып жатыр. Қазір БЖЗҚ активтері 22,6 трлн теңгені, Ұлттық қордың активтері 58 млрд долларды, Самұрық-Қазына ҰӘҚ активтері 80 млрд долларды құрайды. Менің ойымша, "фирмааралық" акциялар мен облигацияларды есепке алмағанда, бұл 150 млрд доллардың таза активтері. Жалпы,  12 жылдан кейін БЖЗҚ-ның басқа құрылыммен кезекті рет біріктіру қажеттігі туындайды. Мүмкін "Бәйтерек" ҰБХ-мен бе?  Инвестициялау мандатын қайта қарау арқылы ҰҚ мен БЖЗҚ-ның бағалы қағаздар активтерінен арыла отыру арқылы мега-ұлттық қор құру әлемдік ауқымда қуатты инвестициялық құрылым құруға мүмкіндік берер еді", деп сөзін түйіндейді ол.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар