Қазақстандағы Иранның төтенше және өкілетті елшісі Әли Акбар Джоукар Иран тарапынан Қазақстанға ешқандай қауіп жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Журналистермен әңгіме барысында дипломат Тегеран Қазақстанды және Орталық Азия елдерін ықтимал нысана ретінде қарастырмайтынын айтты.
"Иран тарапынан Қазақстанға немесе Орталық Азия мемлекеттеріне ешқандай қауіп жоқ. Біз бұл елдерді ықтимал нысана ретінде қарастырмаймыз, соның ішінде зымырандық қауіп те жоқ", – деді елші.
Джоукардың айтуынша, өңір үшін теориялық қауіп тек Иранның өз ішінде тұрақсыздық пайда болған жағдайда ғана туындауы мүмкін.
Ол мұндай жағдайда Таяу Шығыстағы террористік топтардың аймаққа өтіп кету қаупі болуы ықтимал екенін айтты.
"Егер Иран ішінде тұрақсыздық орын алса, Таяу Шығыстан террористік топтардың таралу қаупі пайда болуы мүмкін. Бірақ елдегі тұрақтылық сақталған жағдайда мұндай қауіп болмайды", – деді дипломат.
