Ұлттық Банк зейнетақы активтерінің бір бөлігін АҚШ-тың бағалы қағаздарына инвестицияламақ

Кәмшат Тілеухан 16 сәу. 2025 17:21 17966

Ұлттық банк зейнетақы активтерінің бір бөлігі кірістілігі инфляция деңгейіне байланған АҚШ-тың мемлекеттік бағалы қағаздарына инвестицияланатынын жоққа шығармайды. Бұл туралы онлайн-конференция барысында ҚР ҰБ Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Біз бұған дейін Ұлттық қордың активтерін басқару шеңберінде АҚШ МБҚ-ның инфляциялық облигациялары (Tips) сияқты құралды пайдалануға ниетті екенімізді хабарлаған болатынбыз. Қазір біз бұл мәселемен белсенді айналысып жатырмыз. Осы бастаманы Ұлттық қорға енгізгеннен кейін ағымдағы жыл ішінде біз зейнетақы активтері үшін де осындай құралды қарастыратынымызды жоққа шығармаймын", - деді Нұржан Тұрсынханов.

Ол қазіргі уақытта зейнетақы активтерінің 40%валюталық құралдарда шоғырланғанын айтады.

"Валюта компонентінің құрылымында дамыған елдердің бағалы қағаздары да, АҚШ-тың мемлекеттік облигациялары, оның ішінде кірістілігі тіркелген қағаздар да бар. Мұндай кірістілік деген өте жақсы дүние, мәселен АҚШ-тың 10 жылдық облигациялары бойынша 4,2%. Барлық осындай қағаздардың үлесі валюталық құралдар үлесінің 30%-ын құрайды (зейнетақы активтері-ред.). Егер кірістілігі инфляцияға байланған инфляциялық облигацияларды сатып алсақ, онда мұндай қағаздарда кірістілік тұрақты болмайды. Бұл өте маңызды жайт, әсіресе әлемдік тарифтер соғысынан кейін (Дональд Трамп айтқан бастамалар) инфляция жеделдей түскенде", - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, зейнетақы активтерінің 60%теңгелік құралдарға, оның ішінде мемлекеттік және корпоративтік бағалы қағаздарға салынған.

"Өзгермелі кірістілігі бар қағаздар бойынша айтатын болсақ, жақында ғана Қаржы министрлігінің кірістілігі инфляцияға байланған МБҚ-лар бойынша аукцион жүргізілді. Бұл тәсіл барлық эмитенттердің, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ, "Бәйтерек" ҰБХ, банктердің құралдарымен де жұмыс істейді. Біз өткен жылы ЕДБ облигацияларына шамамен 220 млрд теңге (зейнетақы активтері) инвестицияладық, 2026 жылы екінші деңгейдегі банктердің 7 жылдық облигацияларына 500 млрд теңге салуды жоспарлап отырмыз. Біз оларға екі тәсілді таңдауға ұсындық: бағалы қағаздар бойынша тіркелген немесе өзгермелі мөлшерлемені белгілеуді", - деп нақтылады Нұржан Тұрсынханов.

Ұлттық Банк Қазақстанда инфрақұрылымдық жобаларға 1,5 трлн теңге зейнетақы активтерін инвестициялау жоспарланып отырғанын еске салды.

"Салымшыларды сабырға шақырғым келеді: мұндай жобаларға инвестиция салған кезде біз үшін эмитент маңызды. Бұл "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ-ның және оның еншілестерінің немесе рейтингіге ие "Бәйтеректің" өзінің жобалары болуы мүмкін. Бұл жайт әлі талқы барысында. Бұл артында мемлекет тұрған сенімді эмитенттер, сондықтан салымшыларға қатты алаңдауға негіз жоқ", - деп есептейді Нұржан Тұрсынханов.

Ол бұған дейін 400 млрд теңгенің зейнетақы активтері белгілі бір жобаларға инвестицияланғанын еске салды.

"Биылғы жылы инвестициялауға бос қаражат бар. Қазір бізде "Самұрық-Қазына" мемлекеттік қорының энергетика саласына қатысты бірқатар жобалары белсенді пысықталуда. Біз жыл басында көктемгі дала жұмыстары үшін"Бәйтерек" ҰБХ облигацияларын сатып алдық. Бірақ олар өте қысқа, ол арада 1-1,5 жыл туралы сөз болды. Жалпы, "Бәйтеректе" де, "Самұрық-Қазынада" да өте көп ауқымды инвестициялық жобалар бар. Бірақ салымшылар үшін олардың көлемі де, мәні де маңызды емес, бұл арада кірістілігі маңызды. Біз зейнетақы активтерін тек нарықтық шарттар бойынша инвестициялаймыз... Біздің жоспарымыз - зейнетақы активтері бойынша нақты кірістілікті қамтамасыз ету. Мысалы, қысқа мерзімді МБҚ бойынша инфляция 10% болған кезіндегі кірістілік 15-15, 5% құрайды. Ұзақ мерзімді 10 жылдық МБҚ бойынша кірістілік 14-14, 2%-ға дейін жетеді. Осы жағынан алғанда, бағалы қағаздар бойынша нақты табыстылық оң сипатқа ие", - деп сөзін түйіндеді Нұржан Тұрсынханов. 

Treasury Inflation-Protected Securities (TIPS) АҚШ-тың инфляциядан қорғалған мемлекеттік бағалы қағаздарының бір түрі. Мұндай қағаздар бойынша купондық төлемдер әр алты ай сайын жүргізіледі. Облигацияның номиналы жарты жылда бір рет тұтыну бағаларының индексіне (CPI) сәйкес АҚШ-тың ресми инфляция деңгейіне сәйкес индекстеледі. TIPS осындай қағазды ұстаушыларды инфляциядан қорғап, түскен нақты табыстың сақталуын қамтамасыз етеді.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар