Қытайдың CGTN арнасына берген сұхбатында Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек еліміз білім беру саласын дамытуда Қытайдың білім беру моделіне бағдар ұстап отырғанын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрдің сөзінше, Қазақстанда Қытайдың ғылым саласына құйып отырған инвестициялары жоғары бағаланып отыр. Ол қытайлық әріптестерге осы бағыттағы қолдауы үшін алғыс білдіріп, Қазақстан Қытай тәжірибесін зерттеп, пайдалы тұстарын енгізуге дайын екенін атап өтті.
Алайда бұл мәлімдеме Қазақстандағы білім беру реформаларының бағыты туралы жаңа сұрақтарды да туындатып отыр.
Қытай моделі, бірақ тестілеу – америкалық жүйе
Еске салайық, өткен жылы АҚШ-қа жасаған сапары кезінде Саясат Нұрбек Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) халықаралық тест форматына көшіру жоспары бар екенін айтқан. Бұл жоба бойынша Қазақстан америкалық Educational Testing Service (ETS) ұйымымен әріптестік орнатуды көздеген.
Осылайша, Қазақстан білім беру жүйесінде Қытай тәжірибесіне сүйенуге ниетті болғанымен, мектеп түлектерінің негізгі емтиханы америкалық тестілеу әдістемесіне негізделуі мүмкін.
Сарапшылар мұндай бастамалардың көбіне инвестиция тарту мәселесімен қатар талқыланып жүргеніне назар аударып отыр.
Білім беру моделін қалыптастырудағы пікірталас
Әлемдік тәжірибеден пайдалы тәсілдерді енгізу – қалыпты құбылыс. Алайда әртүрлі елдердің білім беру жүйелерінен элементтерді біріктіріп, оларды бір ұлттық модельге бейімдеу әрдайым тиімді бола бермейді.
Соңғы жылдары әлемде білім беру жүйелері елден елге, тіпті аймақтан аймаққа қарай айтарлықтай ерекшеленетіні анық байқалды. Сондықтан кейбір сарапшылар ұлттық білім беру жүйесін қалыптастыруда сыртқы үлгілерді шамадан тыс араластыру даулы тәжірибе болуы мүмкін екенін айтады.
