Қазақстан мектептерінде үшінші тоқсан 19 наурызда аяқталады. Осыдан кейін оқушылар 11 күндік көктемгі демалысқа шығып, 29 наурызға дейін тынығады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрлік дерегінше, каникул кезінде оқушылардың бос уақытын пайдалы өткізу үшін «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Демалыстың әр күні Наурызнама онкүндігімен байланыстырылып, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталады.
Оқушылар осы кезеңде «Таза Қазақстан», «Еңбек адамы», «Заң және тәртіп» тақырыптарындағы танымдық шараларға қатысады. Сонымен қатар дәстүрлі «Жер сағаты» экологиялық акциясына да атсалысады.
Министрлік балалардың қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылатынын айтты. Осыған байланысты ата-аналармен бірге жол қозғалысы қауіпсіздігі, өрт қауіпсіздігі және интернеттегі қауіптен сақтану туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Ал төртінші тоқсан сегіз аптаға созылып, оқу жылы 25 мамырда аяқталады.
