Астанада мас күйде көлік басқарған полиция қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Dala News.
Астана қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, азамат Д. ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылған.
Сот барысында оның алкогольдік масаң күйде көлік жүргізгені медициналық куәландыру қорытындысымен және сотта зерттелген бейнематериалдармен дәлелденген.
Сот шешімімен құқық бұзушы 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды.
Сонымен қатар оның полиция қызметкері екені ескеріліп, ӘҚБтК-нің 32-бабына сәйкес әкімшілік қамау қолданылмаған.
Сот қаулысының көшірмесі құқық бұзушыны тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесін қарау үшін Полиция департаментіне жіберілген.
Іс апелляциялық сатыда қайта қаралып, нәтижесінде бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз қалдырылды. Қаулы заңды күшіне енді.
